Мұқаншы ауылдық округіндегі Көксу бекетінде заман талабына сай ветеринариялық пункт ашылды. Оған аудан әкімі Дәулет Халелов арнайы қатысты.
Көксу бекетінде осы уақытқа дейін мұндай ветеринарлық пункт болмаған. Мамандар бұған дейін әкімдіктің бір бөлмесінде отырып анықтама жазып, малға есеп-қисап жүргізіп қана қоймай қыруар шаруаны атқарған. Үй жануарларынан сынама алып, екпе салу үшін әрбір үйді аралайтын. Енді жұмыс жеңілдетілді. Көрсетілетін қызмет түрлері де оңтайландырылып, интернетке қосылып, талапқа сай мал емдеу алаңы қарастырылған.
Аудан басшысы Дәулет Кенжеханұлы ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасып, заманауи ветеринариялық пункттің ашылуымен құттықтады.
Ветеринария саласы бойынша ауданға қарасты ауыл-аймақта атқарылуы тиіс жұмыстар толығымен аяқталған. Ендігі міндет алдағы жылы Алғабас, Қабылиса, Еңбекші, Мұсабек ауылдарында да мал емдеу пункттерін қолданысқа беру. Аудандағы 5 ветеринарлық пунктті салу үшін облыстық бюджеттен 59 миллион 640 мың теңге қаражат бөлінген. Құрылыс жұмыстарын «Каз Даму Констракшн» ЖШС сапалы жүргізді.
Еңлік КЕНЕБАЙ
Көксу ауданы





