«Жылыту маусымының жұмысы еш кедергісіз басталады. Қазірдің өзінде жылу желілері мен әлеуметтік нысандардың 97 пайыздан астамы қысқа дайын. Облыс аумағындағы елді мекендерде жылу көздері, әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер және жылу желілері жылыту маусымының басталуына 100 пайыз дайын». Бұл облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдос Бекетаевтың БАҚ өкілдеріне берген мәліметі.
Текелі қаласындағы «Алатау» шағынауданындағы жылу желілеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыс таяу күндері толық аяқталады.
– Биыл біз 4,7 шақырым желіні жөндеп жатырмыз. Жылыту маусымына дейін барлық жұмысты аяқтаймыз. Қазіргі таңда бұл жұмысқа 44 адам тартылған. 11 техниканың ішінде манипуляторлар, экскаваторлар, самосвал бар, – дейді «Риголит» мердігер компаниясының өкілі Иван Сафонов.
Жалпы, Текелінің «Достық» және «Алатау» шағын аудандарында 2021 жылдан бастап 21,3 шақырым жылу желілері қайта жөндеуден өткен. Текелі қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Жетібаевтың айтуынша, қаланың негізгі жылу көзі – қуаттылығы 42 Гкал/сағат және электр қуаты 24 МВт болатын Текелі энергетикалық кешені.
– Қаладағы барлық әлеуметтік нысан, көпқабатты тұрғын үй қысқы кезеңге дайындығы туралы ақпаратпен толық қамтылды. 30 мыңнан астам адам тұратын қаламызда 181 көпқабатты және 4 мың 549 жеке сектордағы үй бар. Биыл қалаға газ берілді. Жақын арада жеке үйлерін газдандыруды қалайтын тұрғындар газбен жылытуға мүмкіндік алады. Көпқабатты үйлерге де кезең-кезеңімен газ беретін боламыз, – дейді қала әкімінің орынбасары.
Заман талабына сай әрбір жеке үй иесі көгілдір отынмен жылытуды қалайтыны анық. Осы тұрғыда Талдықорған қаласы мен оның маңайындағы көптеген тұрғынның арманы орындалды десек болады. Алайда көпшілікті «Жылу беру маусымында газ үздіксіз беріле ме? Қала іргесіндегі Шымыр ауылында орналасқан Талдықорған автоматтандырылған газ тарату стансысының жұмысы жүйелі жүріп жатыр ма?» деген сынды сұрақтар толғандырады. Соған орай біз бұл аймаққа барып, жұмыс ретімен танысып қайттық.
Аталған стансының операторы Дархан Чүкетаевтың айтуынша, Талдықорғанға, қала маңына, Текелі қаласына, Ескелді ауданына тұрақты қызмет көрсететін стансының қуаты жеткілікті. Заманауи жабдықтармен толық қамтылған. Бір сөзбен айтқанда, тұрғындар үшін алаңдауға негіз жоқ.
Алдағы күзгі-қысқы жылыту кезеңі қарсаңында газбен жабдықтау жүйесі жұмысының тұрақтылығын, сондай-ақ, тұтынушыларды көгілдір отынмен уақытылы және үздіксіз қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешені ретімен жүргізілуде.
Өңірдегі газ құбырларындағы жоспарлы жөндеу жұмыстары аяқталып, барлық ірі автоматтандырылған газ тарату стансыларындағы жабдықтар тексерілді. Газды реттеу құралдары мен апаттық басқару орталықтарын тексеру бойынша жоспарланған жұмыстар аяқталды. Енді газбен жабдықтау жүйесі кез келген ауа райында да тұтынушыларды табиғи газбен үздіксіз қамтамасыз етуге қауқарлы.
Естеріңізге сала кетейік, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметі бойынша «Жетісу өңірін 2030 жылға дейін кешенді газдандыру» өңірлік жобасы бойынша облыстағы 358 елді мекеннің 192-сі газдандыруға жатады. Қалған 166 елді мекенді газдандыру жұмысы 2030 жылдан кейін қарастырылады. Облыс аумағын газдандыру жұмысы 47,6 пайызға аяқталды. 37 елді мекен газбен қамтылып, 333,5 мың адам газға қол жеткізді.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін бірінші кезеңдегі 126 елді мекенді көгілдір отынмен қамту міндеті тұр. Бірінші кезеңде Кербұлақ ауданынан Талдықорған қаласына дейін 101, Панфилов ауданында 25 елді мекенге көгілдір отын жеткіземіз. Ал екінші кезеңде Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарындағы 66 елді мекенді қамтамасыз етеміз, – деді басқарма басшысы.
Облыс орталығын жылумен қамтамасыз ететін «Басқуат» қазандығының басшысы Данияр Смағұловтың айтуынша, сыртқы ауа температурасы жылуды қажет еткен кез келген уақытта жылу қосуға қазандық жұмысы толық дайын.
Қала тұрғындарының басым көпшілігі Талдықорғандағы жылу тарифінің жоғары екеніне наразы. Осы сауалды жылу қазандығының басшысына қойғанымызда ол бірден: «Біріншіден, біздің қаладағы жылу тарифі еліміздегі ең төменгі тариф қатарында. Екіншіден, «Басқуат» жылыту қазандығы көмірмен жұмыс істейді» деп түсіндірді.
– Біз қаладағы үйлерді, нысандарды жылумен қамтамасыз етуге толық дайынбыз. Жөндеуге жоспарланған қазандықтар жаз бойы жөнделді. Қазандық көмірмен қамтамасыз етіледі. Ал жылыту маусымында тәулігіне 900 тоннаға дейін көмір жағылады. Көмірдегі резервтік қазандықтарды сақтай отырып, қазандықты көгілдір отынға көшіру жоспарлануда. Қазіргі таңда бұл жұмыс жоспарлы түрде іске асырылуда, – дейді Данияр Смағұлов.
Еңлік КЕНЕБАЙ





