Аумағы үлкен Қазақстан Республикасындағы тұмса табиғаттың көркі керемет әрі жануарлар дүниесі мол екені белгілі. Өкінішке орай, браконьерлік және адамдардың тіршілік ету ортасындағы тым белсенділігінен көптеген жан-жануар толықтай жойылу қаупіне ұшырады. Сондықтан Қазақстанның Қызыл кітабына 40 жануар кіріп отыр.
Жер жаннаты Жетісудың бір пұшпағында жатқан «Үйгентас орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне тиесілі жалпы жер көлемі 93 206 гектар жерді құрайды. Мемлекеттік орман қоры жерінде Қазақстан Республикасының Қызыл кітабы енгізілген жануарлар мен құстар мекендейді.
Еліміздің Қызыл кітабына кірген 40 жануар жоғалу, саны азаюына байланысты бірнеше санатқа бөлінген. Атап айтқанда, І санат – жоғалып бара жатқан немесе толық жоғалып кеткен; ІІ санат – апатты түрде саны қысқарып бара жатқан; III санат – сирек кездесетін, саны аз табылған; IV санат – белгісіз (толық зерттелмеген); V санаты – тұрақты бақылауды қажет ететін жерсіндірілген жануарлар. Міне, осы көрсеткішке қарап отырып, көптеген құс пен жануардың тағдыры қыл үстінде тұрғанын білуге болады.
Биыл жүргізілген түгендеу жұмыстары бойынша «Үйгентас орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің аумағында сүтқоректілердің 49 түрі, құстардың 170 түрі, омыртқасыздардың 661 түрі кездесетіні анықталды. Соның ішінде Қызыл кітапқа енген сүтқоректілердің 6 түрі, құстардың 13 түрі, омыртқасыздардың 7 түрі бар. Мекеме қызметкерлері бірнеше жылдан бері жасырын фото және бейнекамералар орнатып, аң-құстардың тыныс-тіршілігін бақылап келеді. «Үйгентас орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері күзгі уақытта кезекшілік кестесі бойынша тәулік бойы бақылау пункттерінде қызмет етеді.
Тұмса табиғатты мекендейтін жануарларды қорғау, оны көздің қарашығындай сақтау Қазақстан Республикасының әр азаматының міндеті. Сондықтан құрметті оқырман, табиғатты аялай білейік!
М. Абжанов,
«Үйгентас орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің
Көкжар орманшылығының орман қызметшісі
Коллаж: Елдар Қаба





