Конституция – бұл жай ғана құқықтық құжат емес, ол – халқымыздың еркіндігі мен теңдігін, тұрақтылығы мен дамуын айқындайтын басты құндылық.
1995 жылы бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы тәуелсіз мемлекетіміздің жаңа кезеңдегі даму бағытын айқындап берді. Ата Заңымызда адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең қымбат қазына деп танылды. Бұл – еліміздің демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орныққанын білдіреді.
Конституция әрбір азаматқа тең мүмкіндік береді. Заң мен сот алдында бәрі тең. Ұлтына, дініне, тіліне немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан, әр адам өз құқығын қорғауға және өз қабілетін ел игілігіне жұмсауға құқылы. Бұл – әділетті қоғам құрудың басты кепілі.
Бүгінгі таңда елімізде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік реформалардың барлығы Конституция аясында жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған жаңғырту үдерістері халықтың әл-ауқатын арттыруға, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге және азаматтық қоғам институттарын нығайтуға бағытталған. Бұл өзгерістердің барлығы Ата Заңымыздың нормаларына сүйенеді.
Конституция билік тармақтарының өзара тепе-теңдігін қамтамасыз етеді. Заң шығарушы, атқарушы және сот билігі бір-бірін толықтырып, тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесі арқылы елдегі тұрақтылықты сақтайды. Бұл – құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаттарының бірі.
Облыстық мәслихат депутаты ретінде мен өз қызметімде Конституция талаптарын басшылыққа аламын. Халық сенімін ақтау, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу, азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын заң аясында шешу – басты міндетім. Әрбір қабылданған шешім заңдылық пен әділдік қағидаттарына негізделуі тиіс.
Конституция – ұрпақтар сабақтастығының кепілі. Ол өткенімізді құрметтеп, болашағымызды нық қадаммен құруға үндейді. Жастардың сапалы білім алуына, еңбек етуіне, өз қабілетін дамытуына жағдай жасау – Ата Заңымызда бекітілген әлеуметтік мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Сондықтан біз жас буынға құқықтық мәдениетті, заңға құрметті дәріптеуіміз керек.
Қазіргі жаһандану дәуірінде кез келген мемлекеттің беріктігі оның ішкі бірлігі мен заң үстемдігіне байланысты. Конституция – қоғамдағы татулық пен келісімнің кепілі. Түрлі этнос пен конфессия өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан Қазақстан үшін бұл – аса маңызды құндылық.
Мен барша жерлестерімді Конституцияны құрметтеуге, заң талаптарын сақтауға және ел дамуына белсенді атсалысуға шақырамын. Ата Заңымызды ардақтау – Тәуелсіздігімізді нығайту деген сөз. Тек заңға сүйенген мемлекет қана тұрақты дамып, өркендей алады.
Конституция – біздің ортақ келісіміміздің, ортақ жауапкершілігіміздің көрінісі. Оны қолдау – әр азаматтың парызы. Біз бірлігімізді бекемдеп, заң үстемдігін қамтамасыз ете отырып, әділетті әрі қуатты Қазақстанды бірге құра аламыз.
Еліміздің Ата Заңы әрдайым ел игілігіне қызмет етіп, мемлекетіміздің тұғырын нығайта берсін!
Ермек Егінбаев,
облыстық мәслихаттың депутаты





