Алматыда заңгер әрі блогер Әділетхан Молдахан 10 тәулікке қамалды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы. Бұл ақпаратты Алматы қалалық Полиция департаменті растады.
Ведомство мәліметінше, қазіргі таңда көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Полицияның баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, сот қаулысымен күдіктіге қатысты 10 тәулікке қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланған. Сонымен қатар, оның бұған дейін тонау қылмысына қатысы болғаны да айтылды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде заңгер Әділетхан Молдаханның ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын.
Айта кетейік, 21 наурызға қараған түні Алматы қаласында ірі жол-көлік оқиғасы тіркелген еді. Алдын ала мәлімет бойынша, Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі қарсы бағытқа шығып кетіп, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан Mercedes көлігінде болған үш адам қаза тапты.
Аталған оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызып, әлеуметтік желі қолданушылары кінәлілерді қатаң жазалауды талап еткен.
Осы жағдайға байланысты заңгер Әділетхан Молдахан да пікір білдіріп, жол апаты мен құқық қорғау органдарының әрекетіне қатысты өз көзқарасын жариялаған болатын.





