Тіл сарайында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен мемлекеттік қызмет органдарының 20 жылдығына орай «дөңгелек үстел» өтті. Жиынға 20 үздік тәлімгер мен 20 мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданған азамат қатысты.
Шараны ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент басшысы Серікбай Нұрғисаев жүргізіп отырды. Серікбай Өрікбайұлы Елбасы белгілеген Бес институттық реформаның біріншісі кәсіби мемлекеттік аппарат құру болып табылатындығын жеткізді. Әрі реформаны іске асыратын «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарының алғашқы 15 қадамы мемлекеттік қызметке қатысты екендігін айта келіп, шара қонақтарын аталмыш органның 20 жылдығымен құттықтады.
– Елбасы атап көрсеткендей, кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыруда мемлекеттік қызметкерлердің еңбегі зор. Сол себепті де сіздерге қойылатын талап та жыл сайын артып келе жатыр. Осы ретте мемлекеттің мүддесі үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан сіздерге шын жүректен алғыс айтқым келеді, – деді ол.
Қазірде мемлекеттік қызметке алғаш қабылданған азаматтардың сынақ мерзімінен тәлімгер жетекшілігімен өтетіні белгілі. Мұның мақсаты – кейінгі жас толқынды нағыз кәсіби маманға айналған аға буынның тәжірибесімен баулу. Яғни, тәлімгер жауапкершілігінің арқасында олардың келешекте меритократия қағидаты арқылы мансапты жоғарлауына жол көрсетілмек.
Осы орайда білікті тәлімгер, Талғар аудандық қаржы бөлімінің басшысы Гүлнар Жақсыбаева сөз алып, мемлекеттік қызметке орналасқан жастарға бар білгенін үйретудің үлкен жауапкершілікті іс екенін атап өтті. Бұдан соң жаңадан мемлекеттік қызметке орналасқан жастар салтанатты түрде ант қабылдады.
Шара соңында аталмыш мерекеге орай мамырда өткен «Алматы облысының үздік кадр қызметкері» байқауының жеңімпаздары мен жиырма үздік тәлімгер марапатталды.
Қ. ӘБДІҒАПАР