Түс – адам ұйқыдағы кезде өңіндегідей қайталанатын тылсым құбылыстардың бірі. Оны жұрт үлкен жақтан жақсы түс, жаман түс деп екіге бөледі.
Ұлтымызда түс көру және оны жору туралы қалыптасқан түсінік көп. Біреулер жақсы түс көрсе оны ізгілікке балап жақындарына айтып сүйіншілесе, енді біреулер көрген жаман түсіннен қорқып оны ешкімге айтпай «Түс түлкінің тезегі» деген тұжырыммен мән бермеуге тырысады. Дейтұрғанмен бұл құбылыс көп жағдайда жақсылық пен жамандықтан хабар беретіні ақиқат.
Зерттеушілер түс көру адам санасынан тыс, рухани дүниедегі сана мен бейсаналықтың арасын байланыстыратын құбылыс. Адамның ояу кезіндегі басынан кешкен оқиғалары және дене мүшелеріндегі жайсыздықтар әр түрлі түс көруге басты себеп болады деп санайды.
Ал, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жетісу облысы бойынша бас имамы Керімбек Дәуітовтің сөзінше, Алла тағаланың адамзат баласына тылсым дүниеден жаратқан нәрселерінің бірі – түс көру. Ол үш түрлі болады. Біріншісі, жаратушы иемізден арнайы келетін ізгі түс. Екіншісі, құанышты білдіріп сүйіншілеп, жабырқатып, қайғырудан хабар беретін түс. Үшіншісі, шайтани түс деп бөлінеді. Әр адам баласы мейлі қандай түс көрсе де барынша сабырлық сақтауы тиіс. Егер жақсы түс көрген адам қатты қуанып, жаман түс көрсе тым қобалжып қайғырып кетуге болмайды. Өйткені, ол денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін.
– «Пайғамбарымыздың бір хадисінде: «Жақсы түс көрген адам дереу Алла тағалаға хамд-шүкіршілік етсін! Егер біреулер түсінде ұнамайтын нәрсе көрсе, тұрып Аллаға сиынып намаз оқысын да, оны ешкімге айтпасын. Сонда оған түстің еш зардабы тимейді», – делінген деді бас имам.
Айдын КӘЛІМХАН
Фото: ЖИ





