Қазіргі таңда халқымыз қандай автокөлік сатып алғысы келеді, ел арасында пайдаланылған көлік құралдары қаншалықты танымал және осы салада қандай проблемалар бар?. Осыған байланысты Қазақстан автокөлік одағының мәліметіне назар аударып көрейік. Белгілі болғандай, биылғы жаз ортасына дейін елде 5,6 млн. автокөлік болған. Парктегі жеңіл автокөліктердің 40%-дан астамы 20 жылдан асқан техникалар. Аталған ұйым қызметкерлерінің пікірінше, ескірген көлік құралдары көбіне өз құнын жоғалтып, сатып алушыларын сиретуде.
Ресми статистикаға сәйкес, 20 жылдан асқан автокөліктер барлық тіркеудің 39,8%-ын құрайды. Екінші орында 10 жылдан 20 жылға дейінгі көлік құралдары – 33,6%, 3 жылға дейінгі машиналар – 11,3%, 3-тен 7 жылға дейін – 10%, ал 7-ден 10 жылға дейін барлығы 5,4%. Қазір негізінен Toyota Camry, Daewoo Nexia, Volkswagen Passat, Audi 100, Hyundai Accent, Volkswagen Golf, Chevrolet Cobalt, Audi 80, Hyundai Elantra, Hyundai Sonata сияқты модельдер қайта тіркеледі. Осы аталған автокөліктерге неғұрлым тиімді ұсыныстар бар.
Одақта атап өткендей, қазақстандықтар жаңа автокөлік сатып алғанды жөн көреді. Ағымдағы жылдың бірінші жартысында осындай 104,9 мың темір тұлпар мен коммерциялық техника сатылған, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26,2%-ға артық. Жыл соңына дейін сатылымдар шамамен 10%-ға дейін өседі деп болжанып отыр. Одақ мамандары сату өсімін жаңа өнімдердің ыңғайлы әрі қызмет түрлеріне аз ақша жұмсалатынымен байланыстырады.
Ал Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, биылғы қаңтар-маусымда 745 мың жеңіл автокөлік қайта тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,6%-ға артық. Бұл ретте Қазақстан автокөлік одағы қайталама нарықта өткізу қарқынының баяулауына назар аударып отыр. Сонымен қатар бұл жаңа техникалар бойынша ұсыныстармен байланысты. Ұйымның болжамынша, мұндай үдеріс жалғаса бермек. Соңғы екі жылда пайдаланылған автокөліктердің сатылымы айтарлықтай төмендеп, жаңа машиналар нарығы белсенді даму үстінде. Сондай-ақ, олар көбейіп, бағаларына да қолжетімді әрі көлік түрлеріне де таңдау көп.
Қазақстан автокөлік одағы мамандары өкінішке қарай, пайдаланылған автокөліктер саласында жалған мәмілелер немесе заң бұзушылықтар азаймай отырғанын, бұл сатып алушыларға кері әсерін тигізіп жатқанын, оларды қорғау үшін импорттау кезінде алғашқы тіркеуден бұрын автокөлікті салыстыру құралдары енгізілгенін сөз етті. Алайда, Ішкі істер министрлігі VIN кодтары үзілген көлік құралдар санының артып келе жатқанын мәлімдеді. Бұл дегеніңіз, паркке заңнаманы бұза отырып автокөліктер келіп түсетінін білдіреді. Сондай-ақ, пайдаланылған машиналар Қазақстанға басқа елдерден импортталып, оларды қайта сату бойынша ауыртпалық бар екені анықталған. Яғни, басқа елде несиеге немесе лизингке сатып алынған, болмаса ұрланған болып есептелінеді.
Ресми дилерлер жарты жылда 104,9 мың жаңа машина мен коммерциялық техника сатылғанын хабардар етті. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бастапқы тіркеу барлық санаттағы 125,5 мың бірлікті құрайды. Айырмашылық – шамамен 20,6 мың бірлік немесе 16-20%. Әдетте бұл жеке тұлғалар әкелген автокөлік болып табылады. Сонымен бірге азаматтар жеке пайдалануға арналған техниканы декларациялаған кезде заңнаманы бұза отырып, жүк көліктерін әкелу тіркелген, бірақ олар кәсіпкерлік қызметке арналған. Осының салдарынан бюджет шығынға ұшырайды. Алайда, азаматтардың машинасыз және ақшасыз қалу қаупі негізгі проблемаға айналуда.
Ұйым ресми автосалондарда пайдаланылған көліктердің заңды тазалығын тексеруге арналған құралдар бар екенін түсіндірді. Сондай-ақ, сатып алу туралы білуге болатын әртүрлі интернет-ресурстар бар. Сонымен қатар, автокөлік нарығын бақылау және талдау агенттігінің басшысы Артур Мискарян сұр нарықтағы «темір тұлпарлар» туралы жиі айтып, 7 жылдан асқан көліктерді әкелуге тыйым салуды ұсынуда.
А. Байжұмақызы





