Елімізде заманауи автокөліктер, соның ішінде қытайлық маркалар қазақстандықтардың дербес деректерін жинайтын құралға айналуы мүмкін. Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мүтәлі Парламент отырысында заманауи техникалардың қауіпсіздігіне қатысты Үкіметке сауал жолдады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Бүгінде Қазақстан нарығында GPS-трекерлер, GSM-маяктар, мини-камералар мен өзге де техникалық құрылғылар ешбір бақылаусыз сатылуда. Депутаттың айтуынша, бұл жабдықтарды онлайн платформалар арқылы лицензиясыз-ақ сатып алуға болады.
Мәжіліс отырысында Әбутәліп Мүтәлі:
«Бұл құрылғылар азаматтардың конституциялық құқықтарына, жеке өміріне қолсұғылмаушылық пен отбасылық құпиясына тікелей қауіп төндіреді», – деп мәлімдеді.
Ол Алматы, Теміртау және өзге де өңірлердегі рейдтер кезінде тұрмыстық заттарға жасырылған видеокамералар мен диктофондар тәркіленгенін, бірақ нарықтың әлі де кеңейіп жатқанын алға тартты.
Мәселенің ең күрделі тұсы – Қазақстанда жоғары сұранысқа ие жаңа буын автокөліктерінде болып отыр. Бұл көліктер шетелдік серверлер мен қолданушы аккаунттары арқылы жұмыс істейді.
Депутат бұл туралы:
«Сөз қозғалып отырған мәселе – жүру бағыттары, қолданушылар туралы ақпарат және өзге де белсенділіктер. Іс жүзінде шетелдік компаниялар біздің азаматтардың қозғалысын қадағалап, талдау жасап отыр», – деп атап өтті.
Сонымен қатар, ол көлік функцияларының сырттан қашықтықтан шектелу немесе өшірілу жағдайлары кездесетінін де тілге тиек етті.
Түйткілді шешу үшін депутат Үкіметке бірқатар ұсыныстар жолдады. Ол:
«Бізге жан-жақты құқықтық және бақылау механизмі мен шұғыл шаралар қажет. Қазіргі жағдай үлкен алаңдаушылық туғызады», – деп түйіндеді.
Депутаттың пікірінше, «ақылды» көліктердің деректерді өңдеу серверлерін Қазақстан аумағында орналастыру және барлық құрылғыларды міндетті сертификаттаудан өткізу керек. Мұндай қадамдар еліміздегі әрбір азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі.
Тұтынушы ретінде біз де сақ болғанымыз абзал. Көлік сатып алар алдында оның деректерді өңдеу саясатымен танысып, ресми өкілдіктердің қызметіне жүгіну қажет. Бұл – тек техникалық сауаттылық қана емес, сонымен бірге жеке қауіпсіздігіңізді қорғаудың маңызды жолы.





