Балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқаты мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының біріне айналып отыр. 2026 жылғы референдум қорытындысы бойынша қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы бала құқықтарын қорғауға қатысты жаңартылған тәсілді бекітті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жаңа реформалар аясында мемлекеттің рөлі күшейіп, кепілдіктер нақтыланды. Енді кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жүйелі моделі айқын. Негізгі норма Конституцияның 27-бабында бекітілген: «Неке мен отбасы, ана мен әке, бала мемлекет қорғауында болады».
Бұл өзгерістер тек қағаз жүзінде емес, күнделікті өмірде де маңызды рөл атқарады. Мәселен, Конституцияда ата-аналардың жауапкершілігі де айқын көрсетілген: «Балаларға қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың табиғи құқығы әрі міндеті». Бұл қағида бала қорғауды мемлекет пен отбасының ортақ ісіне айналдырады. Мемлекет қажетті тетіктерді ұсынса, ата-аналар тәрбие сапасына жауап береді. Сонымен қатар, кәмелетке толған балалардың қарт ата-анасына қамқорлық жасау міндеті де отбасылық байланыстарды нығайтуға бағытталған.
Конституциялық нормалар «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заң арқылы іске асады. Бұл құжат баланың мынадай құқықтарын қорғайды:
-
Жеке басының қол сұғылмаушылығы;
-
Зорлық-зомбылықтан қорғану;
-
Сапалы білім алу және медициналық көмек;
-
Ар-намысы мен қадір-қасиетін сақтау.
Прокуратура органдары қазіргі таңда білім беру мен денсаулық сақтау мекемелерінде қадағалауды күшейтті. Статистикаға сүйенсек, 2026 жылдың басынан бері түнгі уақытта үйден тыс жерде жүрген балалар үшін 22 мыңнан астам ата-ана жауапкершілікке тартылды. Бұл – қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті арттырудың бір жолы.
Қауіпті сын-қатерлерге қарсы тұру үшін 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы іске қосылды. Бағдарлама 158 іс-шараны қамтиды. Оның ішінде балалар саудасы мен құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары бар. Мәселен, 2025 жылы елімізде бала саудасының 31 дерегі анықталса, оның 26-сы Алматы қаласына тиесілі болған. Жаңа тұжырымдама мұндай қылмыстардың жолын кесуді мақсат тұтады.
Қазақстан БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясы аясындағы халықаралық міндеттемелерін де нық орындап келеді. Бала – жеке құқық субъектісі. Оның шыққан тегі мен әлеуметтік жағдайына қарамастан, барлық бала тең құқылы.





