Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев адамның тұрғын үйге деген іргелі құқығын Конституция деңгейінде қорғау қажеттігін, сондай-ақ баспанадан сот шешімінсіз шығаруға жол берілмейтіні туралы норманы бекітуді ұсынды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Баспана – жай ғана мүлік емес
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің пайымдауынша, тұрғын үй базалық құндылық саналады. Бұл халықаралық декларациялар мен пактілерде бекітілгенімен, елімізде оны тек мүліктік санат ретінде қарастыру жиі кездеседі. Артур Ластаев мұндай көзқарасты үлкен қателік деп есептейді. Оның айтуынша, әрбір азамат өз шаңырағының қауіпсіздігіне және ешбір негізсіз далада қалмайтынына сенімді болуы қажет.
Референдум – халықтың таңдауы
Жүргізілген ауқымды жұмыс пен қоғамдық талқылаулар жаңа Ата Заң жобасын бүкілхалықтық референдумға шығаруға толық негіз қалап отыр. Жаңа құжатта азаматтардың күнделікті өмірде жиі кездесетін түйткілді мәселелері, әсіресе адам құқықтарын шектеуі мүмкін шешімдердің алдын алу шаралары қамтылған.
Артур Ластаев атап өткендей:
«Адам үшін ең маңыздысы не? Ол ешбір себепсіз баспанасынан қуылып кетпейтініне сенімді болғысы келеді. Конституцияда тұрғын үй құқығын қорғау кепілдіктерін бекіту еліміздің әлеуметтік әрі құқық қорғау сипатын көрсетеді. Мемлекет рәміздер үшін емес, әрбір адам үшін өмір сүреді».
Құқықтық кепілдік және сот бақылауы
Ұсынылып отырған өзгерістерге сәйкес, баспанадан айыру немесе одан мәжбүрлі түрде шығару тек сот шешімімен ғана жүзеге асырылуы тиіс. Бұл норма қолданыстағы заңдарда кездескенімен, оны Ата Заң деңгейінде бекіту құқықтық тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Төтенше жағдайларда, мәселен, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнгенде ғана көшіру шаралары қарастырылады, бірақ бұл жағдайда да барлық рәсімдердің қатаң сақталуына және азаматтардың сот арқылы қорғануына кепілдік беріледі.
Билік қабылдайтын әрбір шешім адамға бағдарлануы қажет. Сондықтан жаңа Конституция жобасы әділеттілікке, қауіпсіздікке және адамның қадір-қасиетін құрметтеуге қатысты қоғамдық сұранысқа толық жауап береді. Бұл қадам Қазақстанның құқықтық мемлекет ретіндегі мәртебесін нығайтып, азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттырады.





