Қазақстанда әлеуметтік әділеттілікті нығайту бағытында маңызды қадам жасалды. Сенат депутаттары еңбек құқықтары мен әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін жетілдіруге арналған жаңа заңды мақұлдады. Енді бала күтімімен үйде отырған әкелердің бұл кезеңі зейнетақы тағайындау кезінде еңбек өтілі ретінде ескерілмек, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Бұл тарихи шешім ҚР Конституциялық Сотының нормативтік қаулысы негізінде жүзеге асып отыр. Әлеуметтік кодекске енгізілген түзетулер бойынша, жұмыс істемейтін әкенің жас балаларға күтім жасаған уақыты жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеу барысында ресми еңбек өтіліне қосылады. Бұл норма бұған дейін тек аналар үшін қолданылып келген еді.
Жаңа заң тек әкелердің құқығын ғана емес, жалпы еңбек нарығындағы қауіпсіздік пен әділдікті де қамтиды. Құжат аясында бірқатар маңызды жаңашылдықтар енгізілді:
-
Жалақы арақатынасы: Енді ұйымдардағы ең жоғары және ең төменгі жалақы мөлшерлері арасындағы айырмашылық ұжымдық шарттарда нақты белгіленуі тиіс.
-
Жазатайым оқиғалар бойынша қорғау: Өндірістік жарақат алған жағдайда қызметкердің кінәсі 25 пайыздан аспауы керектігі бекітілді. Бұл өтемақы төлеу кезінде жұмысшының мүддесін қорғауға мүмкіндік береді.
-
Еңбек қауіпсіздігі мамандары: Мекемедегі еңбек қауіпсіздігіне жауапты маман бұдан былай тікелей бірінші басшыға бағынады. Бұл бақылаудың тәуелсіздігі мен тиімділігін арттырмақ.
-
Келісімшарттарды реттеу: Егер азаматтық–құқықтық сипаттағы шартта (ГПХ) еңбек қызметінің белгілері болса, мұндай құжат жасасуға тыйым салынады. Яғни, жұмыс берушілер қызметкерді ресми тіркеуден қаша алмайды.
Заңда еңбек дауларын шешу мәселесіне де басымдық берілген. Ереуілдер кезінде қауіпті өндірістік нысандардың жұмысы толық тоқтап қалмауы үшін көрсетілетін қызметтердің ең төменгі көлемі нақтыланды. Сондай-ақ, татуластыру комиссияларына делдалдарды тарту тәртібі егжей–тегжейлі реттелді.
Сенатор Руслан Рүстемовтың айтуынша, бұл түзетулер азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, жұмыс орнындағы қауіпсіздікті жаңа деңгейге көтереді. Заң екі оқылымда қаралып, қабылданды және жақын арада өз күшіне енбек.





