Әлемде қанша ел болса, сонша наным-сенім бар. «Әр елдің салты басқа» демекші, өздеріне сай түрлі сенімдері өмірлік ұстанымына айналып кеткен елдің бірі жапон халқы. Дүниежүзіндегі технологиялық көшбасшы саналатын мемлекеттің қандай ұстанымы мен соқыр сенімі бар екенін зерттеп көрелік.
Жапон халқы негізінен сандарға көп мән беретін ұлттардың қатарында. Соның ішінде күнделікті өмірде қолданбауға тырысатын сандары 4 пен 9. Бұл сандар олардың ойынша «бақытсыздық» әкеледі. Жапонияда 4 саны өлім деген мағынаны білдіреді. Мәселен, олардың тілінде төрт «ши» деп дыбысталады. «Өлімді» білдіретін иероглиф те дәл солай оқылады. Сол себепті барынша 4 санынан аулақ болуға тырысады екен. Дәстүрлі жапон мәдениетінде сандар адам өмірінің маңызды бөлігі саналады. Сан адамның тағдырына, мінезіне және денсаулығына қатты әсер етеді. Мысалы, 4 адамға арналған ыдыс-аяқ алуға болмайды. Көпқабатты үйлер мен ауруханалардағы төртінші қабат және сондай саны бар пәтерлер мен палаталар болмайды. Яғни, 3-тен кейін бірден 5 немесе 3А, 5В тіпті (3+1) сынды сандарды кездестіруге болады.
Сол сияқты Жапонияда 9 саны да азапталу, ауру сөзімен мәндес. Бұл мемлекеттің ауруханаларында 9-нөмірлі палата жоқ. Тоғыздың азапталуды білдіретін «курушиму» деген сөзге негіз болатын «ку» иероглифімен дыбысталуы бірдей болғандықтан ауруханаларда 9-қабат, 9-палата деген атымен жоқ. Бұл тек жапон тіліне ғана тән тілдік ерекшелік болса керек. Сондай-ақ, теміржол желісінде де 4 саны мүлдем қолданылмайды. Мысалы, электрлік теміржолдарда санақ 39-бен бітеді. Азық-түлікке байланысты да 4 санын пайдалану жаман ырым саналады. Жапонның спорттық командаларында 42 тәрізді реттік нөмір қолданылмайды. Жапон тілінде 24 (ниши) – екі рет өлу, 33 (сандзан) бақытсыз, қасіретті деген оқылуымен сәйкес болғандықтан сәтсіз цифрлар саналады.
Қай санның бақыттың, ал қайсысы бақытсыздықтың символы екенін әртүрлі аймақтың дәстүрі мен нанымдарына байланысты білуге болады. Жапондар 3, 5, 7, 8 сандарын киелі деп біледі. Мысалы, Жапонияда отбасылық бақыттың және өмірдің символы болып саналатын 7 саны. Сол себепті жапон мәдениетінде бұл сан жиі қолданылады.
Қарап тұрсақ, ақылға симайтын нанымдар. Жалпы мұндай сенімдер тек жапондықтарда ғана емес, Шығыс Азия мемлекеттерінде де қалыптасқан. Мысалы, Қытайда 4-пен байланысты сандардың барлығы сәтсіздікке әкелетін нөмір деп танылған. Ал вьетнамдар 4-тен гөрі 3 санынан әлдеқайда қорқады. Өйткені қатыгездікті бейнелейтін иероглиф пен 3 санын бейнелейтін таңбаның оқылуы бірдей екен. Вьетнам халқында 3 саны жамандыққа баланады. Олар жоғарыда айтылған 4-ті де жақсылық нышаны деп есептемейді. Ең қызығы, бұл елдегі ғимараттарда екінші қабаттың үстіне бірден бесінші қабат орналасқан.
Әрине, осының бәрі сырт көзге оғаш көрінгенмен сол елдің ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан ұстанымдары. Яғни, олардың мәдениетінің бір бөлігі десек, қате айтқанымыз емес.
Айғаным АЙТМҰХАН
Фото: https://www.getyourguide.ru/nikko-l89510/





