Қаратал аудандық «Коммунизм жолы» газетінің редакторы қызметіне келгеніме көп болмаған. Шаруашылықтардың басшыларымен енді-енді таныса бастаған кезім. Осындай жұмыс сапарымның бірінде Абай атындағы кеңшарға жолым түсті. Кеңсеге кіріп, басшысына жолығуды өтініп едім хатшы қыз: «Жиналыс жүріп жатыр, бітуге де жақын қалды. Біршама күте тұрыңыз» деді. Көп ұзамай жиын да бітіп, басшының қабылдауына кірдім.
Кеңшар директоры Сәкен Омаров үстелді жағалай отырғандарды шетінен таныстыра бастады. «Денесі толықша келген Сақбай ферма меңгерушісі, одан кейінгі бойшаң жігіт Сатыбалды Қазтаев бас зоотехник, ақынжанды жігіт. Студент кезінде белгілі ақын Хамит Ерғалиевтің алдында жырларын оқып, сынақтан сүрінбей өтіп, ақ батасын алған. Оның қасындағы орташа бойлы Жақан Балшенов бас мал дәрігері. Мамандығымен қоса газеттердің белсенді тілшісі. Ел аузындағы аңыз әңгімелерді жинастырып, шежірелерді сұрастырып, естігендерін қағазға түсіріп жүретін, әдебиетке жан жүрегімен жақын» деп қызметкерлерін таныстырып шықты.
Бұл өткен ғасырдың жетпісінші жылдары еді. Абай атындағы кеңшардың кеңсесінде танысқан Жақан Байзолдаұлын бұрын сырттай ептеп білетін болсақ, келе-келе ынтымағымыз жарасып, тонның ішкі бауындай бауыр басып, жиі араласа бастадық.
Жақан Балшенов 1938 жылы 20 қазанда Кербұлақ ауданы, Қоғалы ауылында дүниеге келген. Елтай атындағы орта мектепті тамамдап, Қазақ КСР Ауыл шаруашылық министрлігінің Талдықорған малдәрігерлік-зоотехникалық техникумына түсіп, 1959 жылы оқу орнын бітіреді. Кәсіби білімін жетілдіру мақсатында Алматы қаласындағы зоотехникалық-ветеринарлық институтқа түсіп, мамандығы бойынша жоғары білім алады.
1974-1977 жылдар аралығында Марксизм-Ленинизм университетінде партиялық оқу жүйесінде саяси білімін арттырады. 1979-1980 жылдар аралығында Қаратал ауданы, Елтай ауылында Абай атындағы кеңшарда әуелде мал дәрігері, зоотехник, бас мал дәрігері қызметтерін абыройлы атқарады. Одан кейін Абай атындағы кеңшардың партия комитетіне хатшы болып сайланды. Партия комитетін басқарған кезеңде коммунистердің белсенділігін көтеруге ерекше мән беріп, шешімін таппай жүрген күрделі мәселелерді күн тәртібіне қойып, нақты жайттың барысын талқылауға коммунистердің белсене қатысуын қатаң талап етеді. Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту ісін де жіті қадағалайтын. Жасөспірімдер арасындағы тәлім-тәрбие жұмысын ұдайы назарда ұстайтын.
Жақанмен жақындасуымыздың ең басты себебі – газеттерге мақала жазып тұратыны еді. Редакция табалдырығын жиі аттайтын. Келген сайын сәлем беріп, ашық пікірлесіп, ой бөлісетін. Осындай қарым-қатынасымыз терең тамырланып, арамыз жібек жіптей өріліп, сыйластығымыз кеңейе түскен-тін. Олай дейтінім, Жақаң әрдайым кішіпейілдік танытып, тіл табысып, өзара түсінісіп, ойын асқақ-асқақ армандарға ұластырып, болашақтан көп нәрсе күтетін. Кәсіби мамандық жайлы пікір алысумен қатар, мақсат-мүддеміз, өмір жайлы пайымдауымыз бір арнада тоғысып жататын-ды.
Жергілікті тілші атанған Жақан Балшенов күнделікті өмірдегі көкейтесті мәселелерге баса назар аударатын. Және бір ерекшелігі, ойына қорытқандарын қағаз бетіне қиналмай-ақ тез түсіретін. Мәселенің мәйегін тауып, сөз маржанын мөлдіретіп төге салатын тіл байлығы да жеткілікті еді.
Жақан әдебиет жайлы әңгіме көрігі қызған сәтте: «Менің жан жүрегім әдебиетке өте жақын. Сондықтан болар, дүние-мүлікке қызықпаймын. Тұрмыс-тіршілік мәселесі өз алдына бөлек жайт. Ал рухани азық байлығын кейіндетіп қоюды қаламаймын. Оның орны алғы шеп болуы тиіс. Неге десеңіз, сананы салауаттылыққа жетелейтін басты құрал – кітап. Көркем әдебиет сана-сезімді дамытып, ой-өрісін кеңейтетін байлықтың қайнары деп есептеймін. Сол себепті де кітап жинауға деген құштарлығым өте басым. Көп оқимын. Шежіре айтқыш абыздардың әңгімелеріне қалқан құлағымды көбірек түремін. Естіген, түйсігіме түйгендерімді қағаз бетіне түсіргенше жаным байыз таптайды. Кейбір күндері қолыма қалам ұстап, ойға беріліп кетсем, таңның атқанын да аңғармай қаламын», – дейтін әңгімесі жиі еске түседі.
Жақан Байзолдаұлы ел аралап жүргенде ұлттық үрдістерімізді ұлықтайтын тақырыптар төңірегінде айтылатын әңгімелерге ерекше ынта-ықылас танытып, қойын дәптеріне жазып алатын. Сондай әңгіменің бірі – «Білмейді құс қадірін ұстамаған…» деп аталатын жолжазбасы. Оны Жетісу өңірінің атақты саятшысы, білгір құсбегі Дембосын Дүзелұлымен кездесіп, сөйлескендегі естігені арқылы қанша оқысаң да құлақ құрышы қанбайтын шынайы әңгімесінде құсты баулудың, аң-құсқа түсірудің әдіс-тәсілдерін егжей-тегжейлі баяндайтындығымен жүрекке жылы ұялап, құсбегіліктің қыр-сырына қанықтырды.
Жақан қалам мен Шопаната таяғын қатар ұстады. Қой щаруашылығының белді мамандарының бірі болған Жақан Байзолдаұлы зейнеткерлік еңбек демалысына шыққаннан кейін қоғамдық жұмыспен шұғылданды. Алғаш өңірлік мұсылмандардың «Әулие-Ата» діни бірлестігін құрып, оның жұмысын талапқа сай жүргізуді қолға алды. Аудандық, облыстық газет-журналдарға шаруашылықтағы еңбеккерлердің жетістіктері мен көкейтесті мәселелерді қамтитын мақалалары жиі басылып тұратын. Сонымен бірге «Әулие аталар» жинақтық альбомы мен кітабына мақалалары шықты.
Жігіт санатына қосылып, бой түзеген шақта Жақан Қарлығаш Дембосынқызымен көңіл жарастырып, шаңырақ көтеріп, 6 бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде балалары жеке-жеке шаңырақ көтеріп, үбірлі-шүбірлі, бала-шағаларын тәрбиелеп жеткізген ардақты әке, аяулы ана.
Еңбекқорлығымен танылған арда азамат өте қарапайым, жүрегі жылы, көңілі кең, жаны жайсаң еді. Оның еліне жасаған жақсылығы мен қамқорлығы өз алдына бір төбе. Жақан Байзолдаұлының өмірден озғанына орай еске алып, дұға оқып, ас беріп жатқан қарсаңда ақ ниетті көңілдің өзгермегенін паш ете отырып, отбасына зор денсаулық, баянды бақыт пен шаттық, берекелі бақ-дәулет қона берсін деумен бірге, әулет ұрпақтарының жаңа табыстарға жетуіне тілектестік білдіремін.
Әли ЫСҚАБАЙ,
ҚР-ның еңбек сіңірген
қайраткері, Қазақстанның
Құрметті журналисі





