Мемлекет басшысы мұнай-газ саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Ақордада өткен салтанатты жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ кешенінің ел экономикасы үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті.
– Сіздер осы салада адал еңбек етіп, мемлекетіміздің дамуына елеулі үлес қосып келесіздер. Бұл – нағыз еңбек адамдарына тән қасиет. Мұнай-газ өнеркәсібінің өзіндік дәстүрі мен бай тарихы бар. Осы саланы қалыптастыруға бірнеше буын өкілдері зор еңбек сіңірді. Сіздерді аға буынның лайықты ізбасары деуге болады. Қазір бұл салада екі жүз мыңнан аса адам жұмыс істейді. Сіздердің табанды еңбектеріңіздің арқасында Қазақстан өркендеп келеді. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.
Президент былтыр қазақ мұнайының 125 жылдығы аталып өткенін еске салып, биыл да мұнай-газ саласы үшін айтулы кезең екенін айтты. Атап айтқанда, Атырау мұнай өңдеу зауытына – 80 жыл, Шымкент мұнай өңдеу зауытына – 40 жыл, ал QazaqGaz ұлттық компаниясына – 25 жыл толып отыр.
– Мұнай мен газ – еліміздің өсіп-өркендеуіне ерекше ықпал еткен стратегиялық ресурс. Егемендік жылдарында мұнай өндіру көлемі төрт есеге артты. Жақын уақытта бұл көрсеткішті жылына 100 миллион тоннаға жеткіземіз. Қазақстан әлемдік мұнай нарығындағы жетекші мемлекеттердің қатарында, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.





