Қазақстанда биылғы жылдың алғашқы алты айында есірткіге қатысты 4 мыңға жуық құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде 1800-ден астамы ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатады. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті.
Министрліктің мәліметінше, «Заң мен Тәртіп» қағидаты бойынша жүргізілген шаралар нәтижесінде ұйымдасқан қылмыстық топ құру және басқару деректері бойынша 21 қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде екеуі трансұлттық сипатқа ие. 11 топ көшбасшысы мен 43 қатысушы ұсталды.
Жарты жыл ішінде заңсыз айналымнан 6 тоннадан астам есірткі тәркіленген. Оның ішінде синтетикалық есірткінің көлемі екі есеге артып, 570 келіге жеткен. Сондай-ақ, 103 есірткі зертханасының жұмысы тоқтатылып, есірткі өсірудің 218 фактісі мен 63 контрабанда дерегі тіркелді.
Жастар арасында тарайтын есірткі сайттарын бұғаттау жұмыстары үш есеге артып, 17 мыңнан астам ресурс өшірілген. Күмәнді операцияларға қатысы бар 24 мың банктік шот бұғатталып, олардың ішінде 2,4 млрд теңге көлемінде қаражат анықталған.
Министрлік өкілдері профилактикалық жұмыстардың да ерекше назарда екенін атап өтті. Алты айда 11 мыңнан астам алдын алу іс-шарасы өтіп, оған 1 миллионға жуық жасөспірім мен жастар қатысқан.
«Есірткі қылмысына қарсы күрес қоғамдық қауіпсіздік пен болашақ ұрпақты қорғау мақсатында күшейтілген тәртіпте жалғасатын болады», — деді комитет төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.
«Жетісу-Ақпарат»





