Ауруды дер кезінде анықтап, емдеуде дәрігерге жүктелер жауапкершілік жоғары.
Биыл өңірлік бағдарлама бойынша 80-ге жуық маман жұмысқа алынады. Жас және тәжірибелі дәрігерлерге 5-тен 10 миллион теңгеге дейін көтермеақы төленеді. Соңғы 2 жылда мұндай қолдау аймақтың медициналық мекемелерін дәрігермен қамтамасыз етуге көмектесті.
Ескелді ауданы Бақтыбай ауылындағы амбулаторияда ұзақ жыл бір ғана жалпы практика дәрігері жұмыс істеді. Өткен жылы өңірлік бағдарламамен Гүлбаршын Елжанқызы келді. Жас маман үшін жұмыс жағдайлары ғана емес, сондай-ақ елеулі мемлекеттік қолдау да шешуші рөл атқарды. Дәрігерге едәуір көтермеақы төленді.
– Қазір науқастарды екі маман қабылдаймыз. Бұл жұмысты айтарлықтай жеңілдетті. Бізде әр пациентке көп уақыт бар, демек, көрсетілетін медициналық көмектің сапасы да өсті. Адамдар қазір тез ем қабылдауға мүмкіндік алды, – дейді Бақтыбай ауылындағы амбулатория дәрігері Гүлбаршын Елжанқызы.
Өңірде тұрғын үй мәселесі де шешімін табуда. Екі ай бұрын Көксу ауданында дәрігерлер үшін арнайы салынған 20 пәтерлі үй тапсырылды. Бұл жергілікті дәрігерлердің қызметтік тұрғын үйге деген қажеттілігін толық жабуға мүмкіндік берді. Бақытты қоныстанушылардың қатарында – салаға енді ғана кірісіп келе жатқан жас мамандар да бар.– Мен 10 миллион теңге көлемінде біржолғы төлем алдым. Бізге пәтер де берілді. Жас отбасына мұндай қаражатты бірден жинау мүмкін емес. Біз үшін бұл үлкен қолдау. Сонымен қатар, мұнда өте жайлы жағдай қалыптасқан. Жаңа қоныстанған көршіміз де әріптестеріміз, – дейді Көксу ауданы ауруханасының дәрігері Самал Ержанқызы.
Аймақтық бағдарламаның шарттары қарапайым. Ауылға жұмыс істеуге келгендер 10 миллион теңге көлемінде біржолғы жәрдемақы алады. Бәріне қойылатын басты талап – жаңа жерде кемінде 5 жыл жұмыс істеу. Кадр тапшылығын шешуге және медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған бұл жоба 2 жылдан бері сәтті жүзеге асырылуда.
– Екі жыл ішінде 153 дәрігер бір реттік жәрдемақы алды. Олардың 69-ы ауылда, қалғаны – өңір қалаларында жұмыс істейді. Сонымен қатар, қазір резидентурада 152 жас маман білім алуда. Осы шаралардың бәрі бізге маман тапшылығын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік берді. Егер бұрын облыста 202 дәрігер қажет болса, бүгінде бұл көрсеткіш 144-ке дейін төмендеді, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Алмагүл Кенжеғұлова.
Оң динамикаға қарамастан, маман тапшылығы әлі де сақталуда. Облыстың медициналық мекемелерінде травматологтардың, хирургтардың, анестезиологтардың және акушер-гинекологтардың бос орындары ашылды. Білікті мамандарды қызықтыру үшін 2026 жылы аймақ билігі тағы 80 дәрігерге көтермеақы төлеуді жоспарлап отыр.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





