ҚР Ұлттық ұланының 5514 әскери бөлімінде жас сарбаздары салтанатты түрде Әскери ант қабылдады. Маңызды рәсімге жүзге жуық жас жауынгер қатысты.
Салтанатты шараға әскери бөлімнің ардагерлері, өзара іс-қимыл жасайтын мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ еліміздің төрт өңірінен – Шымкент қаласы, Түркістан, Қызылорда және Жетісу облыстарынан арнайы келген сарбаздардың ата-аналары мен жақын туыстары қатысты. Олар үшін бұл күн мақтанышқа толы ерекше сәт болды.
Әскери ант – әрбір жауынгердің өміріндегі ең жауапты кезеңдердің бірі. Дәл осы күні жас сарбаздар Отанға адал қызмет етуге, ел тыныштығын қорғауға және әскери борышын абыроймен атқаруға салтанатты түрде уәде берді.
Рәсім барысында әскери дәстүрлер қатаң сақталып, саптық жүрістер көрсетіліп, әскери оркестрдің сүйемелдеуімен салтанатты рухтағы шара өтті. Әскери бөлімнің басшылығы жас жауынгерлерге ізгі тілектерін білдіріп, алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі. Сондай-ақ әскери ардагерлер сөз сөйлеп, жастарға патриоттық рух пен тәртіптің маңызын атап өтті.
Салтанатты жиынға Талдықорған гарнизонының әскери прокуроры да қатысып, жас сарбаздарға арнап сөз сөйледі. Ол әскери қызметтегі заңдылық пен тәртіптің маңызын атап өтіп, сарбаздарды өз борышын абыроймен атқаруға шақырды. Сонымен қатар, сарбаздардың ата-аналары да сөз сөйлеп, ұлдарына ақ жол тілеп, елге адал қызмет етуге, тәртіпті болуға және бөлім абыройын биік ұстауға батасын берді. Олар әскери бөлім басшылығына жас жауынгерлерге көрсетіліп жатқан қамқорлық үшін алғыстарын білдірді.
Бұл күн жас сарбаздар үшін әскери қызмет жолындағы алғашқы үлкен қадам ғана емес, ел алдындағы азаматтық жауапкершілігін сезінетін ерекше сәт болып есте қалды.
«Жетісу-Ақпарат»





