Жастар – жарқын болашақтың іргетасы. Толарсақтан қан кешкен бабаларымыз бүгінгі бал-бақытты ғұмырды бізге аманаттады. Әттеген-айы өскелең ұрпақ үшін бұл өмірдің түкке тұрғысыз болып бара жатқаны тұтас қоғамды ойландыруда. Ғұмырының шешуші кезеңіне табан тірегенде, қыршыннан қиылғандар күн санап артып келеді. Жаға ұстатарлық жағдайдың себебі неде? Аталған түйткіл мәселені қалай шешпекпіз?
Мағжан сенген жастар бүгінгі күні өз-өздеріне сенуден қалып барады. Дәуірдің дамыған, мүмкіндіктің молайған шағында моральді қысым да қоса ұлғаюда. Одан бөлек, шеті мен шегі жоқ адамды тура жолдан тайдырушы факторлар жетерлік. Ауқымдыларын атасақ: Әлеуметтік желі; уытқұмарлық; құмар ойындар; білім саласындағы қиындықтар; жанжалдар; депрессия; жалғыздық сезімі т.б. Миллиондаған жеткіншектің басында сан түрлі мәселелер көрініс табуда. Дер кезінде қолдау алмаған жасөспірім көп жағдайда сол мәселесін ішінде сақтай беріп, күн өте келе төзімі таусылуы ғажап жайт емес. Жаралы жанының жанарынан жасы тыйылмауының негізгі себептері тереңде жатыр.
Психологиялық тұрғыда, тұлға болып қалыптастыратын кезеңге жеткенде адамның мінезі өте құбылмалы болатыны бәрімізге мәлім. Десе де, дәл осы шақтағы орын алған кез-келген жайтты сабырмен қабылдап үйрену – нағыз шығар жол. Жас буын ұсақталып кетті ме, әлде қазіргі ата-аналарымыз тым еркелетіп жіберді ме? Жастар қиындық көрсе қашуға, беріле салуға бейім.
Қазақстанда 2025 жылы балалар мен жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау оқиғалары қоғам үшін ерекше алаңдаушылық тудырады: жыл басынан бастап 432 суицид жағдайы тіркеліп, оның 139‑ы аяқталған (өліммен аяқталған), ал 293‑і әрекет ретінде есепке алынған (new.kaztag.kz). Бұл көрсеткіш жас ұрпақ арасында психологиялық қолдаудың жеткіліксіздігін, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға арналған алдын алу бағдарламаларының маңыздылығын айқын көрсетеді. Соңғы деректердің динамикасын қарастырсақ, балалар мен жасөспірімдердің психологиялық қауіпсіздігіне ерекше назар аударуды талап етеді: 2023 жылы кәмелетке толмағандар арасында суицидтік оқиғалар өткен жылға қарағанда шамамен 30 % өскен, ал 2024 жылы жалпы ел бойынша 2 389 суицид тіркеліп, оның ішінде 128 жасөспірім бар (ratel.kz, el.kz) екендігі анықталып отыр. Осы мәліметтер жас ұрпақтың психологиялық әл-ауқатын қамтамасыз ету мәселесінің қаншалықты өзекті екенін тағы бір рет айқындап берді.
Аталған мәселенің түпкі шешімі – тек кәсіби психологтар мен мамандардың араласуында емес, әрбір отбасы мен мектептің күнделікті психологиялық әңгіме жүргізуінде; жасөспірімнің ішкі сезімін назардан тыс қалдырмауында; қоршаған ортаның ұсақ-түйек қолдауы мен тыңдауының құндылығын түсінуінде жатыр. Сондықтан да жас ұрпаққа өз эмоциясын, қорқынышын, көңіл-күйдегі күйзелісін еркін білдіруге мүмкіндік беретін қауіпсіз алаң жасауды жеделдетіп, сыртқы қысымды азайтып, олардың психологиялық қабілетін жүйелі түрде жетілдіруді мықтап қолға алу қажет. Бұл кезек күттірмейтін мәселе.
– Біз балаларымызға ақыл айтпас бұрын оны тыңдай білуміз керек. Екіншіден, оның телефонына, ойына, жеке бөлмесіне рұқсатсыз қол сұқпай, бүгінгі қоғам тұрғысынан түсіністік таныту қажет. Ал үшіншіден, өзімнің балам, мені тыңдауы керек деген сыңайда оған бұйрық беріп, сызған сызық бойынша жұмыс жасауды талап етпей дос ретінде кеңесуді дағдыға айналдырғанымыз жөн. Сонда өзара түсіністік қалыптасып, қапияда туылатын қатігездікпен өкінішті жағдайлар азаяды, – дейді Жетісу облысы Сарыөзек кентінің тұрғыны Гүлнұр Ақмолдаева.
Назгүл САДАҚБАЙ,
ЖУ 3-курс студенті





