Мемлекеттің негізгі қозғаушы күші ретінде жастарға артылатын жауапкершілік жүгі қандай болса, қолдау мен берілетін мүмкіндік те дәл сондай аса маңызды мәселе.
Дәл осы мақсатта жастар саясатының жүзеге асырылу барысын саралау, жастар саясатындағы негізгі мәселелерді шешу тетіктерін қарастыру мақсатында Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласында облыс әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы өтті.
Аталмыш жиынға облыс әкімінің орынбасары Дияс Есдаулетов және қоғамдық даму басқармасының басшысы Бауыржан Абибеков, қоғам белсенділері, облыстық мәслихат депутаттары, білім, ғылым, медиа, мәдениет, өнер, саясат бағытындағы жас көшбасшыларынан сайланған кеңес мүшелері қатысты.
Кеңес отырысында өңірде ауыл жастарын әлеуеттендіру, дастар арасында синтетикалық есірткінің таралуына қарсы іс-қимыл, «NEET» санатындағы жастармен жұмыс, өңірлік деңгейде әдіснамалық қамтамасыз ету және жұмыс алгоритмдерін қалыптастыру мәселелері талқыға түсті. Сонымен қатар алдағы атқарылатын жұмыс жоспарлары сөз болып, олардың шешілу жолдары ұсынылды.
Басқосуға қатысқан жастар ұйымдары өкілдері мен басқа да сала мамандарының ұсыныстарын негізге алып, жүйелі іс-шаралар атқару қажеттігі айтылды.
«Жетісу—Ақпарат»