Көксу ауданында бұқаралық спортты дамыту мен жастарды саламатты өмір салтына баулу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, аудан әкімі Дәулет ХАЛЕЛОВТЫҢ бастамасымен спорт инфрақұрылымын жаңғырту ісі қарқынды жүріп жатыр.
Жуырда аудан басшысы арнайы барып Б.Оңғаров атындағы орталық стадиондағы жөндеу және жаңғырту жұмыстарымен танысты. Әкім спорттық нысандарды аралап, жаңадан алынған жабдықтардың сапасына назар аударып, олардың тиімді пайдаланылуын тапсырды. Қазіргі таңда стадион футбол алаңы мен жүгіру жолына жарықтандыру жүйесі толық орнатылып, спортшылар мен жаттықтырушыларға қолайлы жағдай жасалды. Бұл әсіресе кешкі уақытта жаттығу өткізуге, дайындық деңгейін жаңа белеске көтеруге жол ашып отыр.
Сонымен қатар, Көксу аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің дене шынықтыру-сауықтыру кешені де жаңа құрал-жабдықтармен толықты. Мұнда дзюдо залына 2 комплект татами төселіп, күрес залына 3 жаңа кілем әкелінді, ал тренажер залы бірнеше заманауи жаттығу құрылғыларымен жабдықталды. Бұл жаңартулар бүгінде мектеп оқушылары мен жас спортшылардың игілігіне қызмет етіп, оларды спортқа баулуға, дене шынықтыруды арттыруға зор мүмкіндік беруде.
Жас дзюдошы Әділет Махмуд жаңа өзгерістердің игілігін сезініп жүргенін айтып:
– Бұрын зал тар болатын, бәрімізге бірдей орын жетпей жататын. Қазір кеңейіп, жаттығуға ыңғайлы жағдай жасалды. Дзюдоға қызығатын балалардың саны артып келеді, – дейді.
Аудан әкімдігі алдағы уақытта да спорттық инфрақұрылымды жетілдіруге, спортшыларды қолдауға және бұқаралық спортты кеңінен насихаттауға басымдық бермек.
Бұл жүзеге асырылып жатқан бұл игі бастамалар – жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, денсаулығын нығайтуына және кәсіби спортпен айналысуына жол ашатын маңызды қадам.
Аружан ЖАҚЫП,
Көксу ауданы әкімі баспасөз хатшысы





