Қазақстанда пластик бөтелкелер мен алюминий банкаларды жинауға арналған фандоматтар желісі кеңейіп келеді. «Жасыл даму» АҚ мен Sparklo компаниясының бірлескен жобасы аясында тұрғындар фандоматтар арқылы қайта өңдеуге 5 миллионнан астам бөтелке мен банка тапсырған. Бағдарламаға 100 мыңнан астам адам қатысқан.
Қазіргі таңда Астана, Алматы, Көкшетау, Ақтөбе және еліміздің өзге де қалаларында 46 фандомат орнатылған. Олар сауда орталықтары, кеңселер, мектептер мен қоғамдық орындарда орналасқан. Астанада фандоматтардың бірі Орталық саябақта жұмыс істейді.
Фандоматтардың тұрғындарға қолжетімді жерлерге орнатылуы пластик бөтелкелер мен алюминий банкаларды күнделікті өмірде ыңғайлы тапсыруға мүмкіндік береді.
Жоба қалдықтарды бөлек жинау жүйесін дамытуға бағытталған және Мемлекет басшысы бастамашы болған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасының мақсаттарына сәйкес келеді.
Фандоматтар машиналық оқыту технологиясы арқылы пластик бөтелкелер мен алюминий банкаларды автоматты түрде таниды. Тұрғындар тапсырған ыдыстары үшін Sparklo мобильді қосымшасынан ұпай жинайды. Кейін оларды жоба серіктестері ұсынатын жеңілдіктер мен бонустарға айырбастауға болады.
Жобаға қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және тасымалдау операторы Zero Waste компаниясы да қатысады. Компанияның қатысуымен 9 фандомат орнатылған. Бұдан бөлек, Ақтау қаласында жергілікті серіктеспен бірлесіп тағы 5 фандомат орналастыру жоспарланып отыр.
Алдағы уақытта «Жасыл даму» АҚ мен Sparklo фандоматтар желісінің географиясын кеңейтіп, олардың санын арттыруды көздеп отыр. Бұл тұрғындарға қайта өңдеуге жарамды қалдықтарды күнделікті бағытында ыңғайлы жерлерде тапсыруға мүмкіндік береді.
Анықтама үшін: Sparklo – БАӘ-де құрылған халықаралық технологиялық компания. Компания пластик бөтелкелер мен алюминий банкаларды жинауға арналған фандоматтарды әзірлеп, өндіреді және пайдаланушыларды ынталандыру жүйесін дамытады. Қазақстандағы Sparklo компаниясының өкілі – «Sparklo Kazakhstan» ЖШС.





