«Таза Қазақстан» бастамасы қоршаған ортаны тазалаумен ғана шектелмейді. Бұл – әр азаматтың туған жеріне деген жанашырлығын оятып, табиғат алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды іс. Өйткені тазалық бір күндік сенбілікпен немесе белгілі бір аумақты қоқыстан арылтумен өлшенбейді. Ол ең алдымен адамның санасынан, өзі өмір сүріп отырған ортаға деген көзқарасынан басталады.
Жетісу облысында да осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Әсіресе жастардың, еріктілердің және жергілікті тұрғындардың белсенділігі қуантады. Өңірімізде әр сенбі сайын тазалық шаралары ұйымдастырылып, көшелер мен қоғамдық орындар ретке келтіріледі. Сонымен қатар ағаш отырғызу, жасыл желекті көбейту және қаланы абаттандыру жұмыстары да назардан тыс қалған емес.
Мен жас буынның өкілі әрі туған қаламның келешегіне бейжай қарамайтын азамат ретінде мұндай бастамалардың маңызы зор деп есептеймін. Себебі бүгінгі жастардың табиғатқа деген қарым-қатынасы ертеңгі қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастырады. Біз өз қаламыздың таза, жасыл әрі көрікті болғанын қаласақ, оған сырттай сүйсініп қана қоймай, өз үлесімізді қосуымыз керек.
Осы орайда жастардың ұйымдастыруымен өткізіліп жүрген «Жеті өзен», «Эко керуен» секілді іс-шараларды ерекше атап өткім келеді. Мұндай жобалар жастарды ортақ мақсатқа жұмылдырып қана қоймай, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға, туған өлкенің табиғи байлығын бағалауға үндейді. Ең бастысы, экологиялық мәдениетті сөз жүзінде емес, нақты іс арқылы қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Менің ойымша, «Таза Қазақстанның» басты құндылығы да осында. Ол адамдарды бір күнге тазалық жұмысына шақырып қана қоймай, күнделікті өмірде тазалық сақтауды дағдыға айналдыруға жетелейді. Туған жерге деген сүйіспеншілік оны таза ұстаудан, табиғатын аялаудан және келер ұрпаққа көркейген күйінде табыстауға ұмтылудан көрінеді.
Ақерке ҚЫЗАЙБАЙ
«Jetisý jastarý» КММ маманы





