Жетісу жері ән, би, күй, мәнерлеп оқу, ақындық сынды қандай өнер түрінен болсын дарынды жеткіншектерге кенде емес. Соның бір дәлелі – халықаралық байқауда ақындар өлеңін мәнерлеп, нақышына келтіре оқудан талдықорғандық жас дарын Алияна Еркебұланқызының топ жарып, жүлделі бірінші орынды иеленуі.
Күні кеше Алматы қаласында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың мұрасын насихаттау, оның шығармалары арқылы өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, жас таланттарды, ақындарды тану, өлең құдіреті арқылы мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында «Platon» халықаралық білім дамыту орталығының ұйымдастыруымен «Өшпес ғұмыр, өміршең жыр» атты халықаралық байқау өткен болатын. Байқау шартында қатысушы Мұқағали Мақатаевтың өлеңімен қатар танымал жергілікті ақынның 1 өлеңін оқу керектігі көрсетілген. Байқауда Алияна Қазақстанның Құрметті журналисі, «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әріннің ҚР Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевқа арнаған «Тұңғыш» атты өлеңін оқыды. Қос ақынның өлеңі жас дарынды жеңіске бастап, жүлделі бірінші орынды иеленді.
Бүгінде Алияна Еркебұланқызы Талдықорған қаласының №9 орта мектебінің 2 «ә» сынып оқушысы. Өнерде де, білімде де таудай талабымен дараланып келе жатқан жеткіншектің әлі талай биікті бағындырары анық.
Ақбөпе ДОСМҰХАМЕТОВА,
№9 орта мектептің 2 «ә» сыныбының жетекшісі
Талдықорған қаласы





