Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаменті мен Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы өкілдерінің қатысуымен брифинг өтті. Жиында өңірдегі су айдындарындағы мұз қабатының қазіргі жағдайы мен 2025 жылы балық шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстар қорытындыланды.
Мамандар Жетісу облысында ауа райының тұрақсыздығы мен температураның күрт ауытқуына байланысты су айдындарындағы мұз жамылғысы әлсірегенін хабарлады. Алакөл мен Балқаш көлдерінде, сондай-ақ шағын өзендер мен су қоймаларында мұз біркелкі қатпауы, ойықтар мен жарықтардың пайда болуы тіркелген.
Жетісу облысы ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының міндетін атқарушы Сағади Әлібай:
«Мұз жамылғысы ерігенімен, халық көп шоғырланатын аумақтарда қауіпсіздікті сақтау мақсатында профилактикалық және рейдтік шаралар жалғасуда. Әсіресе өзен-көл маңында, демалыс орындарында және тұрғындар жиі баратын учаскелерде бақылау күшейтілді. Қыс мезгілінде автокөліктің мұз үстіне шығуына тек мұз қалыңдығы 30-40 сантиметр болған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Алайда мұндай кезде де қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажет. Көліктер бір-біріне жақындамай, арақашықтықты сақтап қозғалғаны дұрыс. Мұз айдынына шығар алдында оның қалыңдығы мен беріктігін міндетті түрде алдын ала тексеріп, нақтылап алу керек. Сондай-ақ мұз үстіне шығатын кәсіби балықшылар өздерімен бірге алғашқы көмек көрсету құралдарын және құтқару жабдықтарын алып жүруге тиіс», – деді.
Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы 2025 жылғы жұмыс қорытындыларын таныстырды. Мемлекеттік тапсырыс аясында Жетісу облысының су айдындарына 497 469 дана бағалы балық шабағы жіберілген. Оның ішінде Балқаш көліне – 297 469 дана, Алакөл көліне – 200 000 дана. Сондай-ақ балық шаруашылығы субъектілері шарттық міндеттемелер бойынша 393 759 дана шабақ жіберген. Жалпы алғанда, 891 228 дана балық шабағы су айдындарына жіберілген.
Брифинг барысында Қаратал балық инспекциясы бөлімінің бас маманы Біржан Сабитов та сөз алып:
«Жетісу облысының су айдындарында балық ресурстарын қорғау және өсімін молайту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Мемлекеттік тапсырыс аясында су айдындарына шабақ жіберу, браконьерлікке қарсы іс-шаралар мен бақылау рейдтері тұрақты түрде жүргізіледі», – деді.
2021-2030 жылдарға арналған балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында 24 балық өсіру шаруашылығы 707 тонна тауарлық балық өндірген. Жоспарланған көрсеткіш – 1200 тоннадан астам. Сонымен қатар жылдық қуаттылығы 155 тонна болатын жаңа балық өсіру шаруашылығы іске қосылды. 2026 жылы қуаттылығы 1000 тоннаға дейінгі «AliveFish Жетісу» инвестициялық жобасын іске асыру жоспарланып отыр.
Балық шаруашылығын қолдау мақсатында 2025 жылы облыстық бюджеттен 40 млн теңге субсидия қарастырылғанымен, өтінімдердің болмауына байланысты қаражат бюджетке қайтарылған. Биыл аквакультура өнімділігі мен сапасын арттыруға тағы 40 млн теңге бөлінді.
Жиын соңында сала өкілдері балық ресурстарын сақтау, браконьерлікке қарсы күресті күшейту және қауіпсіздік шараларын сақтау жұмыстарын жалғастыра беретінін атап өтті.
Аяулым ШЫНГАЕВА





