Археологтар Жетісу және Түркістан облыстарындағы көне тарихи мұралардың жойылып кету қаупі бар екенін айтып, дабыл қақты. Мамандардың мәліметінше, өңірлерде жүргізіліп жатқан шаруашылық жұмыстар мен құрылыс салдарынан палеолит дәуірінен қалған ескерткіштер мен жартас суреттері жойылуы мүмкін.
Бұл туралы 7-su.kz ақпараттық порталы Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлады.
Қоғамдық «Петроглифтерді қорғаушылар» қорының өкілдері Көксу өзені бойында бірнеше гидроэлектростанция салу жоспарланып отырғанын айтып, бастаманың қауіпті тұстарына тоқталды.
«Көксу өзенінің аңғары – ерекше археологиялық аймақ. Мұнда палеолиттен бастап жаңа дәуірге дейінгі кезеңдерді қамтитын ескерткіштер бар. Қазір олардың барлығы жойылып кету қаупінде тұр», – деді қордың атқарушы директоры Ольга Гумирова.
Алайда Жетісу облысының әкімдігі ешқандай қауіп жоқ деп сендірді. Әкімдіктің мәліметінше, Ешкіөлмес петроглифтері Жоғарғы-Талапты ГЭС құрылысынан 5-6 шақырым қашықтықта орналасқан. Сонымен қатар археологиялық ескерткіштердің айналасында 120 метрлік қорғау аймағы белгіленген. Өңірде жүргізілген зерттеу кезінде шамамен 15 мың жартас суреті тіркеліп, олардың барлығы мемлекет қорғауына алынған.
Түркістан облысындағы Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Ералы Ақыбек:
«Егер біреу өзен жағасынан тас өндірсе, әкімдік оған дереу шара қолданады. Бірақ обалардан немесе өзге археологиялық орындардан тас жиналса, ешкім жауап бермейді. Бұл жағдайда әкімдіктің әрекет етуі қажет», – деп ескертті.
Ал облыстық мәдениет басқармасының басшысы Раушан Тұрсынова барлық жұмыстар заң аясында атқарылып жатқанын атап өтті:
«Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңына сәйкес, тарихи маңызы бар аумақтарда кез келген құрылыс немесе қазба жұмыстары тек уәкілетті органдардың келісімімен және тиісті сараптамадан кейін ғана жүргізіледі. Әкімдік осы талаптарды қатаң сақтап отыр», – деді ол.
Археологтар мен қоғам өкілдері Жетісу және Түркістан облыстарындағы көне мұралардың сақталуына алаңдаулы. Олар мәдениет министрлігін бұл мәселеге ерекше назар аударуға шақырды.





