Жетісу облысында полицейлер мен экологтар бірлесіп, табиғатты қорғауға және экожүйені сақтауға бағытталған экологиялық акция өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында облыстық табиғатты қорғау полициясы Қаратал балық инспекциясы бөлімінің, Балқаш-Алакөл аумақтық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының, көлік бақылау инспекциясының, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының жедел тобының және Бұрлытөбе орман шаруашылығы өкілдерінің қатысуымен «Таза су айдындары» атты экологиялық шара ұйымдастырылды.
Акция Сарқан ауданына қарасты Қарашыған ауылдық округі аумағында өтті. Бұл бастама өңірдің су ресурстарының тазалығын сақтау және табиғатты қорғау саласындағы әртүрлі мекемелердің өзара ынтымақтастығын нығайтудың жарқын үлгісі болды.
Шараның негізгі мақсаты — су айдындары мен жағалау аймақтарын заңсыз орнатылған ау-құрлардан және тұрмыстық қалдықтардан тазарту. Эко-сенбілікке 40-тан астам адам қатысып, жұмыстарға 10 техника мен 5 қайық жұмылдырылды.
Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде су айдындары мен жағалаулардан үш шақырымнан астам балық аулау торлары және шамамен үш тонна қоқыс шығарылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар тек тазалық жұмыстарын атқару ғана емес, сонымен қатар елдің экологиялық болашағына қосылған үлес болып саналады.
Жиналған қоқыс — сақталған экожүйе, ал тазаланған әр жағалау — сау табиғат пен таза өзендерге жасалған нақты қадам.
«Таза әрі қауіпсіз қоғам құру — тек өз қолымызда. Әрқайсымыз өз айналамызды таза ұстаудан бастасақ, үлкен өзгеріске қол жеткіземіз», — деді акцияға қатысушылар.





