Жетісу жастарымен өткен «Open Talk: Таңдау уақыты» атты еркін форматтағы кездесуде конституциялық реформалардың маңызы талқыланды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жиын барысында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалиция өкілі Қуаныш Сайлаубай Ахмет Байтұрсынұлының «Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы» деген нақылын негізге ала отырып, бүгінгі тәрбие мен білім болашақтың болмысын айқындайтынын жеткізді. Ол құқықтық реформалардың әділ сот төрелігі мен азаматтардың қорғалуына әсері туралы нақты мысалдар келтіріп, жаңа Конституция жобасы еліміздің ертеңін айқындайтын стратегиялық шешім екеніне тоқталды.
Өңірлік коалиция өкілі өз сөзінде жас ұрпақтың әлеуетін арттыру мәселесіне басымдық берді. Қуаныш Сайлаубай:
«Ертең үшін Мағжан Жұмабаев сенген жастардың бүгінін жарқын және жарық етуіміз керек. Қазақ елінің көгінде жарқырау үшін. Бабалар аманаттап қалдырған ұлан-ғайыр далада салтанат құруы үшін. Бүгінде мемлекет байлығы біліммен бағаланады. Білімді ұрпақ елдің бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер етеді. Ал жаңа Ата Заң білім мен ғылымды қолдауда маңызды рөлге ие», – деп атап өтті.
Оның айтуынша, заманауи мемлекеттің бағдары адам капиталына, инновация мен мәдениетке негізделуі шарт.
Жиын соңында спикер жастарды мемлекет тағдыры шешілетін сәтте бей-жай қалмауға шақырды. Қуаныш Сайлаубай реформалардың мәнін былай деп түйіндеді: «Жалпы, Жаңа Конституциялық жоба Әділеттілік, Заң мен Тәртіп, табиғатқа жауапкершілікпен қарау қағидаттарын бекітеді. Білім, ғылым, мәдениет пен инновацияға басымдық беру – адам капиталына сүйенетін заманауи мемлекеттің бағдарын айқындайды». Кездесуге қатысушылар конституциялық бастамаларды іске асыру бойынша өз ұсыныстарын айтып, ел ертеңін бірге жасауға дайын екендіктерін білдірді.





