Соңғы жылдары елде пайдаланылмай жатқан, заңсыз иеленген немесе мақсатты пайдаланылмай жүрген жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жанданды.
Бұл – жер ресурстарын реттеу және қоғамға тең түрде бөліп беру мақсатындағы жүйелі шаралардың бірі. Бұл ретте Жетісу облысында да атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Мәселен, биыл аймақта 100 мың гектарға жуық ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылды. Олардың үштен бірі Ақсу ауданына тиесілі. Қалғандары Алакөл және Кербұлақ аудандарында орналасқан.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, ауылдық округтерге жақын орналасқан пайдаланылмайтын телімдердің бір бөлігі мал жаюға, келесісі – байқау негізінде фермерлік шаруашылықтарға беріледі. Үш жыл ішінде 598 мың гектардан аса ауыл шаруашылығы алқаптары айналымға қайтарылған.
Осыған байланысты облыстық жер қатынастары басқармасының бас маманы Аман Айдынұлы ойын білдіріп, 150 мың гектар жер жеке шаруашылыққа мал бағу үшін бекітілгенін, ал 270 мың гектар алқап фермерлерге байқау арқылы берілгенін, қалған 180 мың гектар алаң келесі жылдың ортасына дейін айналымға қосылатынын алға тартты.
А. Байжұмақызы





