Еліміздің шалғай елді мекендеріндегі қауіпсіздікті нығайту мен төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында маңызды инфрақұрылымдық қадам жасалды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жетісу облысы Көксу ауданына қарасты Көксу станциясында «Ауыл құтқарушылары» арнайы бағдарламасы аясында ерікті өртке қарсы құралымының жаңа бекеті пайдалануға берілді. Аталған нысан республика көлемінде ашылған 301-ші өрт сөндіру бекеті саналады. Салтанатты іс-шараға Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қанат Алтынбеков, Көксу ауданының әкімі Дәулет Халелов, жергілікті ардагерлер, ауыл тұрғындары мен азаматтық қорғау гарнизонының жеке құрамы қатысты.
Жаңадан бой көтерген қауіпсіздік нысаны Көксу станциясымен қатар Мұқаншы, Қазақстанның 50 жылдығы, Жетіжал және Надризбек ауылдарын қамтиды. Бес елді мекенде жалпы саны 4 115 азамат тұрады. Ендігі кезекте тілсіз жау орын алған жағдайларда шақыру орнына жететін көмек уақыты едәуір қысқарып, материалдық шығын мен адам өміріне төнетін қауіп-қатер азаяды.
Төтенше жағдайлар министрлігі жаңа нысанды заманауи өрт сөндіру техникаларымен және қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етті. Жергілікті атқарушы органдар бекетте кезекшілік ететін жеке құрамға барлық тұрмыстық жағдайды жасап, арнайы демалыс бөлмелерімен жабдықтады. Ерікті өрт сөндіру құралымдарының жұмысын ұйымдастыру елді мекендердегі азаматтардың өмір сүру сапасын арттырып, олардың амандығына берік кепіл болады.
Мұндай өрт сөндіру бекеттерінің ашылуы шалғай өңірлердегі инфрақұрылымды дамытып қана қоймай, жергілікті тұрғындардың азаматтық жауапкершілігін күшейтеді. Себебі ерікті құралымдар қатарында қызмет ететін ауыл жастары мен мамандар төтенше жағдай кезінде алғашқы көмек көрсетіп, тілсіз жауды бастапқы сатыда ауыздықтауға мүмкіндік алады. Осылайша, Жетісу өңірінде өрт қауіпсіздігі жүйелі түрде нығайып келеді.





