Жетісу облыстық мәслихатының тұрақты комиссиясының отырысында өңірдегі туризм саласының қазіргі жай-күйі, демалушылардың қауіпсіздігі мен инфрақұрылымды дамытудың келешек бағыттары кеңінен талқыланды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жазғы демалыс маусымының қорытындысы бойынша Алакөл мен Балқаш көлдеріне 2,3 млн турист келген. Атап айтқанда, Алакөл жағалауы 1,9 млн демалушыны қабылдаса, Балқашқа 376 мың адам барды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда саяхатшылар ағынының 28 пайызға артқанын дәлелдейді. Көрсетілген ақылы қызмет көлемі екі есеге өсіп, 16,2 млрд теңгені құрады. Саланы қолдау мақсатында 2026 жылы жергілікті және республикалық бюджеттен 23,2 млрд теңге бөлініп, инфрақұрылымды жаңғыртуға басымдық берілді.
Қауіпсіздік пен қолайлы орта қалыптастыру бағытында Алакөл жағалауында 720 қоқыс контейнері, 44 киім ауыстыру орны, 24 санитарлық-гигиеналық торап және 40 құтқару мұнарасы орнатылды. Жағалаудағы тәртіпті бақылауға 436 бейнебақылау камерасы, 5 дрон, 2 суасты дроны және 11 катер тартылды. Ішкі істер органдары 1,4 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтап, жол тәртібі мен абаттандыру талаптарын бұзғандарды жауапқа тартты. Ал Төтенше жағдайлар департаменті жасанды интеллект жүйесі бар 34 бейнекамера арқылы су айдындарын тәулік бойы бақылауда ұстады.
Өңірде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру қарқынды жүріп жатыр. 2026 жылы жалпы құны 6,2 млрд теңгені құрайтын 9 жаңа демалыс нысаны іске қосылып, 120 жаңа жұмыс орны ашылды. Туристік инфрақұрылымды жақсарту мақсатында Үшарал–Достық және Талдықорған–Үшарал автожолдары жөнделіп, электр және су жүйелері жаңартылуда. Сонымен қатар «Алтын-Емел», «Жоңғар Алатауы» ұлттық паркторы мен экопарктер аумағында экологиялық туризмге басымдық беріліп отыр. Депутаттар келесі маусымға дайындықты қазірден бастап, пансионаттардағы өрт қауіпсіздігі мен құтқарушылар құрамын күшейтуді ұсынды.





