Табиғи газ Талдықорғаннан бастап ең шалғай ауылдарға дейін жеткізілуде. Бұл өңір халқының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың бүгінгі кездесуінде газдандыру мәселесі де талқыланды. Себебі қарқынды жүргізіліп жатқан жұмыс құрылғанына небәрі үш жылдан асқан облыстың ең жарқын әрі нақты жетістіктерінің бірі саналады.
Бүгінде Талдықорған қаласы, оның маңындағы саяжай алаптары мен жақын орналасқан елді мекендер толықтай газбен қамтылды. Қазіргі уақытта «Талдықорған – Үшарал» магистральді газ құбырының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. «Интергаз Орталық Азия» АҚ Алматы филиалының магистральді газ құбырлары басқармасы хабарлағандай, жұмыстар жоспардан озық атқарылуда және биылғы қыркүйекте аяқталады деп күтілуде.
Жоба іске қосылған соң Ақсу, Сарқан және Алакөл аудандарындағы тағы 84 елді мекен табиғи газға қосылады.
Орталықтандырылған газдандыру – өркениеттің заманауи игілігі. Қазір облыс орталығында да, ауылдық аумақтарда да пешке ағаш, көмір, солярка немесе автодөңгелек жағу сынды амалдар өткеннің еншісінде қалды. Бір кездері әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында жиі көрініс тапқан көмір базаларындағы ұзын-сонар кезектер мен тәулік бойы күткен көліктердің, жаңадан жеткізілген көмірді «штурмдаған» тұрғындардың көріністері бүгінде мүлдем жойылды.
Газдандырумен тек тұрмыстық жайлылық қана емес, өңір экологиясы жақсарып, экономикалық тұрғыдан дамып, халықтың өмір сүру сапасы артады. Өзгерістер күннен-күнге айқын сезілуде.
Лидия Емельяненко,
Талдықорған қаласының тұрғыны





