Жетісу облысының тұрғындары жүргізуші куәлігін алу үшін негізгі емтиханға дейін алдын ала практикалық емтихан тапсыра алады. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Жетісу облысы бойынша филиалы хабарлады.
Алдын ала практикалық емтихан жүргізуші куәлігіне үміткерлерге өздерінің дайындық деңгейін бағалауға, жүргізу дағдыларын тексеруге, сондай-ақ анықталған қателіктермен негізгі емтиханға дейін жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Қызмет ақылы және алдын ала жазылу арқылы көрсетіледі. Ол үшін «ЦОН» мобильді қосымшасын (Google Play және App Store платформаларында қолжетімді) жүктеп, мемлекеттік биометриялық сәйкестендіру қызметі арқылы авторизациядан өту қажет. Бұдан кейін «Сынақ жүргізу» бөлімінде қажетті деректер енгізіледі. Айта кетейік, мобильді қосымша арқылы емтиханға жазылу үшін қызмет алушы Мобильді азаматтар базасында тіркелуі тиіс.
Естеріңізге сала кетейік, емтиханға қатысу үшін үміткер автомектепте оқудан өтіп, тиісті санат бойынша курсты аяқтағаны туралы куәлік алуы қажет.
Алдын ала практикалық емтихан сенбі күндері сағат 14:00-ден 18:00-ге дейін, жексенбі күндері сағат 9:00-ден 18:00-ге дейін өткізіледі. Емтихан Талдықорған қаласы, Шығыс шағын ауданы, Нұрмағанбетов көшесі, 28 және Панфилов ауданы, Головацкий көшесі, 51Б мекенжайларында орналасқан мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында қабылданады.





