Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл – аймақта ашылған алтыншы сынып. Аталған жоба мектеп оқушылары арасында қауіпсіздік мәдениетін жүйелі түрде қалыптастыруға тың серпін береді. Сондай-ақ жастардың алдын алу мәдениетін күшейтіп, құтқарушы еңбегіне құрметті арттырады. Түлектер профильдік білімін жалғастырып, болашақта 112 қызметі қатарын толықтырып, «Адам өмірі – ең қымбат құндылық» қағидатын іс жүзінде дәлелдеуге мүмкіндік алады.
– Негізі, ондағы оқу бағдарламасына азаматтық қорғаныс негіздері, өрт қауіпсіздігі, су мен мұз үстіндегі дұрыс мінез-құлық ережелері, алғашқы медициналық көмек, бағдарлау, байланыс құралдарымен жұмыс, психологиялық тұрақтылық пен командалық өзара іс-қимыл элементтері кіреді. Тәжірибелік сабақтар, жаттығулар және оқу эвакуациялары Жетісу облысының ТЖД мамандары мен мектеп педагогтарының әдістемелік қолдауымен өткізіледі, – дейді жауаптылар.
Сала басшыларының сөзінше, құтқарушы мамандығы – ең қатерлі әрі ең мәртебелі қызметтердің бірі. Өзгенің өмірін сақтап қалу үшін тәуекелге бару батылдықты, тәртіпті және кәсіби дайындықты талап етеді. Кадет сыныбының негізгі мақсаты – төтенше жағдайларда жедел әрі сауатты әрекет етуге үйрету, өз өмірі мен айналадағы адамдардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілік сезімін дамыту.
Айдын КӘЛІМХАН





