Медицина саласындағы басты жаңалық – ЖИ диагностиканың ажырамас бөлігіне айналуы. Бүгінде облыстың 16 медициналық мекемесінде PACS жүйесі арқылы 1 миллионнан астам медициналық бейне өңделген. Бұл қатерлі ісікті ерте анықтаудың кепілі. Бұл туралы Жетісу облысының цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Айдын Темірбаев айтты.
Денсаулық сақтау саласындағы цифрлық серпіліс нақты нәтиже бере бастады. Өңірдің медициналық ұйымдарында енгізілген PACS жүйесі диагностика сапасын жаңа деңгейге шығарды.
Қазіргі таңда 1 миллионнан астам медициналық бейне осы жүйе арқылы өңделді. Бұл – онкологиялық ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік беретін, адам өмірін сақтауға бағытталған нақты қадам. Биыл біз бұдан да ірі жоба – CEREBRA AI жүйесін іске қосамыз. Ол инсульт орталықтарында КТ-зерттеулерді автоматты түрде талдап, дәрігерлердің шешім қабылдау уақытын барынша қысқартады. Инсульт кезінде әрбір минут шешуші рөл атқаратынын ескерсек, бұл технологияның маңызы өте зор», – деп атап өтті Айдын Темірбаев.
Облыс орталығы мен аудандардағы қоғамдық қауіпсіздік мәселесі де ЖИ бақылауына өтпек. Қазірдің өзінде Жедел басқару орталығында 20 мыңнан астам камера қосылған. 2025 жылдан бастап 33 локацияда бет-әлпетті танитын TARGET-AI жүйесі іске қосылды.
Біз мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында құны 23,5 млрд. теңге болатын ірі жобаны қолға алдық. Оның аясында тағы 6,5 мың жаңа камера орнатылады. Ең маңыздысы – цифрлық инфрақұрылым тек қаламен шектелмейді. Біз Балқаш көлінің жағалауына дейін талшықты-оптикалық байланыс желісін тартып, демалыс аймақтарын толық интернет және бейнебақылаумен қамтимыз, – дейді Айдын Темірбаев.
Талдықорғанда демеушілер есебінен 4,6 млрд. теңгеге қаланың тыныс-тіршілігін басқаратын орталық бой көтермек. Бұл нысан облыстағы барлық бейнебақылау деректерін бір жерге шоғырландырып, «Smart City» концепциясының жүрегіне айналады. Мұндай цифрлық шешімдер жол инфрақұрылымына да жаңа леп бермек. Жақын арада жолда ЖИ көмегімен ақауларды анықтайтын мониторинг жүйесі пилоттық режимде енгізіледі. Ал Талдықорғанның ең қауіпті көшелерінде бейнеаналитикасы бар «ақылды» жаяу жүргіншілер өткелдері пайда болады.
Жиын барысында технологияны тізгіндейтін мамандар даярлау мәселесі де назардан тыс қалмады. Басқарма басшысының айтуынша, Жетісу университеті базасында Tomorrow School жобасы ашылса, көрме кешені ғимаратында халықаралық TUMO Center орталығы жұмысын бастайды.
Біз тек технологияны сатып алып қана қоймай, оны басқаратын, дамытатын жастарды тәрбиелеуіміз керек. TUMO Center облыс жастарына цифрлық және креативті технологияларды халықаралық деңгейде меңгеруге жол ашады, – деп сөзін түйіндеді Айдын Темірбаев.
Мақпал Әділханқызы





