Жетісу облысында «Жолдағы қабылдау» атты ауқымды акция өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындарды ақпараттандырумен қатар, азаматтармен тікелей байланыс орнату, құқықтық мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу және нақты көмек көрсету болды. Бұл күні қала көшелері мен қоғамдық орындар ашық диалог алаңына айналып, адам көп жиналатын орындарда мобильді қабылдау пункттері ұйымдастырылды. Кез келген тұрғын өз сауалын қойып, құзырлы мамандардан сол жерде жауап алу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, қолайлы болу үшін «жедел желі» телефондары да іске қосылды.
Акцияға полиция қызметкерлерімен бірге Жетісу облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының, сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ филиалының өкілдері қатысты. Мұндай бірлескен формат тұрғындардың өтініштерін кешенді түрде қарастыруға мүмкіндік берді.
Бір күн ішінде 350-ден астам сұрақ келіп түсті. Тұрғындарды негізінен автокөлікті тіркеу, жүргізуші куәлігін алу, жол қозғалысын ұйымдастыру, көлікті қайта жабдықтау, айыппұл төлеу және көлікті есептен шығару мәселелері қызықтырды. Бұдан бөлек, жол ережесін бұзуды тіркейтін камералардың жұмысы, қауіпсіздік белдігін тағу және көлік жүргізу кезінде телефон қолдану тақырыптары да кеңінен талқыланды.
Акцияға қатысушылар мұндай кездесулердің маңыздылығын атап өтті. Олардың айтуынша, азаматтар өз мәселесіне жедел жауап алып, артық бюрократиясыз шешім табуға мүмкіндік алды.
– Біздің жұмысымыздағы ең маңыздысы – ашықтық пен халықты тыңдай білу. Осындай акциялар заң талаптарын түсіндірумен қатар, сенімді нығайтуға ықпал етеді. Адам өз сұрағының маңызды екенін сезінсе, бұл қауіпсіз әрі жауапты қоғам құрудағы үлкен қадам, – деді ұйымдастырушылар.
Аталған шара полиция қызметінің сервистік модельге көшуінің нақты көрінісі болды. Мұнда басты назар – адам қауіпсіздігі мен қоғам сенімін арттыру. Мамандардың пікірінше, мұндай бастамалар құқық қорғау органдары мен тұрғындар арасындағы байланысты нығайтып, жолдағы тәртіп пен өзара жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.





