«Digital Nauryz» аясында Жетісу облысында AI Nauryz атты ашық қалалық алаң ұйымдастырылды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Талдықорған қаласының орталығындағы Арбат аймағында өткен ерекше іс-шарада тұрғындар мен қонақтар жасанды интеллект (ЖИ) мүмкіндіктерін интерактивті форматта пайдаланып көрді. Облыстық цифрлық технологиялар басқармасы мен «Jetisu Digital» ІТ-хабы ұйымдастырған бұл жоба заманауи құралдардың күнделікті өмірге қаншалықты жақын екенін көрсетті.
Мерекелік алаңның басты ерекшелігі – келушілерге ұлттық стильде жеке портрет жасау мүмкіндігі берілді. Жасанды интеллект көмегімен ер азаматтар өздерін айбынды қазақ батырларының бейнесінде көрсе, әйелдер қауымы көркем ұлттық киімдерді «киіп», бірегей суреттерге ие болды.
Бұл процесс екі негізгі аймақта жүзеге асты:
- Шығармашылық аймағы: Мұнда ІТ-хаб мамандары кескін генерациялау құпияларымен бөлісті. Қатысушылар арнайы мәтіндік сұраныстар — промпттарды құрастыруды үйреніп, нейрожелінің қалай жұмыс істейтінін тәжірибе жүзінде көрді.
- Интерактивті аймақ: Жүргізушілер қала тұрғындарымен тікелей қарым-қатынас орнатып, технологиялардың адам өміріне әсері туралы сауалнама жүргізді. Ең қызықты жауаптар үлкен экранға шығарылып, көпшілікпен бірге талқыланды.
Іс-шараның ашық аспан астында өтуі әрбір азаматқа цифрлық алаңдармен еркін танысуға жағдай жасады. Бұл тек ойын-сауық емес, сонымен қатар халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Бүгінгі күні жасанды интеллект күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Біз заманауи технологиялардың күнделікті өмір мен мәдени дәстүрлермен үйлесімді ұштасатынын көрсетуді мақсат еттік, – деді Жетісу облысының цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Айдын Темірбаев.
Мамандардың айтуынша, мұндай жобалар нейрожелілердің тек кәсіби мамандарға емес, барша жұртқа қолжетімді әрі пайдалы құрал екенін дәлелдейді. Болашақ технологиялары біздің өмірімізге толық еніп, шығармашылық пен дамуға жаңа жол ашып отыр.





