Жетісу облысының Кербұлақ ауданында орналасқан «ALACEM» цемент зауыты лицензияланған аумақтан тыс жерде пайдалы қазбаларды заңсыз өндіргені үшін жауапқа тартылды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Stan.kz агенттігіне сілтеме жасап.
Кәсіпорынға мемлекет меншігіндегі жерлерді рұқсатсыз пайдаланғаны үшін шамамен ширек миллиард теңге көлемінде айыппұл салынды. Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы мен облыстық экология департаменті жүргізген тексеру жұмыстары өндіріс көлеміндегі ірі заңбұзушылықтарды әшкереледі.
Тексеру нәтижесі көрсеткендей, зауыт 2022 жылы берілген лицензия талаптарын елемей, көршілес жатқан мемлекеттік жер телімдерінен 90 611 текше метр әктас өндірген. Тұрғындар тарапынан да кәсіпорын жұмысына қатысты шағымдар жиі түскен. Ауыл тұрғындары ауыр техниканың салдарынан жолдардың бүлінуіне, егістік алқаптарын шаң басуына және карьердегі жарылыстардан жабайы жануарлардың үркуіне наразылық білдірген.
Сот отырысында зауыт өкілдері заңсыз өндірілген материал көлемін азайтып көрсетуге тырысқанымен, олардың уәждері тиісті сертификаттардың болмауына байланысты қабылданбады.
Сот шешімімен кәсіпорынға 264 221 676 теңге көлемінде айыппұл кесілді. Егер компания аппеляциялық шағым түсірмесе, үкім 30 күн ішінде заңды күшіне енеді. Мемлекеттік ресурстарды заңсыз пайдалану фактісі бойынша шығарылған бұл шешім өңірдегі экологиялық талаптардың сақталуын бақылаудың маңыздылығын тағы да дәлелдеп отыр.





