Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында әнші, белгілі композитор Аман Қалиасқарұлының «Атамекен» атты арнайы ән кеші өтті.
Сазгердің елу жылдық мерейтойына орай өткен рухани шараны өңірдегі өнерді қолдаушы азаматтармен бірлікте жерлестері ұйымдастырған. Әншінің құрметіне Алматы, Астана қалаларымен бірге еліміздің басқа да бірнеше аймағында тұратын танымал әншілер келіп, автордың сан алуан тақырыпта жазылған әуезді әндерін орындап, Жетісу жұртының ыстық ықыласына бөленді.
Олардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Темірбек Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясы музыка кафедрасының профессоры, дәстүрлі әнші Нұржан Жанпейісов, халықаралық байқаулардың лауреаттары Қадықан Манай, Гүзархан Мұқатайқызы, ақын, әнші Жақсыбек Қалелбек, танымал өнер иелері Бақыт Бешен, Айнұр Сағи, Мақпал Ахмет, Еркінбек Садан, Жұмаш Қадыл және басқа да өрелі өнер иелері бар.
Екі сағатқа жалғасқан концерттік бағдарлама Жетісу халқының делебесін қоздырып, әр жанға көтеріңкі көңіл күй сыйлағаны анық. Сөз кезегінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қарымды қаламгер Нұрхан Сәменбетов қашанда өнер әлемінде еш шет-шекара болмайтынын атап өтіп, ұлан-ғайыр қазақ даласының түкпір-түкпірінен жиналған өнер иелері мен тыңдарман қауымға шырайлы Шымкент жұртының ізгі тілегін жеткізді. Ал танымал әнші, салиқалы сазгер Ерболат Қызкенұлы Аман Қалиасқарұлының өнерін жоғары бағалап, кеште орындалған әр әннің жұрт жүрегінен терең орын алар туынды екенін айрықша атап өтті. Осыдан соң «Орамал тон болмайды, жол болады» дегендей, кеш иесінің жерлестері сахна төріне шығып, өз алғысын білдіріп, Аман Қалиасқарұлының иығына шапан жауып, ат мінгізіп, сый-құрмет көрсетті.
Әнші, сазгер Аман Қалиасқарұлы 1976 жылдың 9 шілдесінде тарлан Тарбағатайдың күнгей бетінде дүниеге келген. «Ел іші – өнер кеніші» деген. Ол арнайы жоғары оқу орындарынан музыкалық білім алмаса да, өзінің ізгі ізденісі мен тас жарған талантының арқасында көпті таңдандыруда. Бүгінге дейін оның небір танымал ақындардың сөзіне жазылған 40-тан астам әсем әні жарық көріп, бірқатары түрлі байқауларда топ жарып, жүлде алған. Қазір еліміздің әр аймағындағы өрелі өнер иелері Аман Қалиасқарұлының әндерін киелі сахналарда орындап, тыңдарман қауымның құлақ құрышын қандыруда.
Айдын КӘЛІМХАН





