Жетісу даласында жүгері өсіру ежелден жергілікті жұрттың тіршілігімен біте қайнасқан кәсібі. Жаз бойы күнге бой созып, күзде алтын түске боялатын егістік алқаптары өңірдің үйреншікті көрінісіне айналған. Алайда сол алқаптан жиналған дәннің кейін қандай жолдан өтетінін, одан күнделікті тұтынатын қаншама өнімнің шикізаты жасалатынын көпшілік біле бермеуі мүмкін.
Жүгерінің көбімізге беймәлім осындай қырларына үңілу үшін Жаркент қаласындағы елімізде сірне өндіретін бірден-бір кәсіпорын – «Жаркент крахмал-сірне зауытына» арнайы ат басын бұрдық. Бір ғана жүгері дәнінен алынатын өнім түрлерімен танысқанда таңданысымызды жасыра алмадық. Өндіріс нәтижесін көріп, тіршілігі өзге адамның жүгеріге деген көзқарасы өзгереді. Кеше ғана дала төсінде жайқалып тұрған дақыл зауыт табалдырығын аттаған соң күрделі технологиялық үдерістен өтіп, крахмалға, тәтті шәрбатқа, мал азығына және басқа да өнімдерге айналатынына қарап еріксіз бас шайқайсың. Сөйтіп, алақанға сыйып кететін қарапайым ғана дәннің артынан тұтас бір өндірістің тынысы байқалады. Оның ар жағында диқанның маңдай тері, жұмысшының еңбегі, заманауи технология және Жаркентті алыс-жақын нарықтармен байланыстырып тұрған үлкен экономикалық айналым жатыр.
Зауыт өз жұмысын 2005 жылдан бастаған. Алайда тарихы тақтайдай тегіс болған жоқ. Бір кезеңде өндіріс тоқырап, жұмысы тұралап қалған. Кейін кәсіпорын қайта қолға алынып, технологиялық жаңғыртудан өткен. Панфилов өңірінде жүгері өсірудің өзіндік дәстүрі қалыптасқан. Жергілікті диқандар үшін дақыл талай әулеттің тіршілігіне айналған кәсіп. Сондықтан шикізат өндірілетін алқап пен оны өңдейтін кәсіпорынның бір өңірде тоғысуы табиғи заңдылықтай көрінеді.
«Таныған жерде өң сыйлы, танымаған жерде тон сыйлы» деген аталы сөз бар. Кәсіпорында еңбек ететіндердің басым бөлігі – осы топырақтың қадірін, егіннің бейнетін бала күнінен біліп өскен жергілікті тұрғындар. Сондықтан далада басталған еңбектің зауытта жалғасуының да өзіндік мәні бар.
«Зауыт алғаш жұмысын бастаған жылдары мұнда 150 адам еңбек ететін. Бүгінде жұмысшылар саны екі есеге артып отыр. Алдағы уақытта кәсіпорында 400 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз», – дейді өндіріс жөніндегі директордың орынбасары Бахадур Қасымов.
Осылайша зауыт жұмыс орнын ұсынып қана қоймай, маман қалыптастыруға және еңбек адамына қолайлы жағдай жасауға да мән беріп отыр. Өндіріс көлемі жұмысшы күшіне байланысты екені белгілі, осы тараптан алғанда жұмыс сапасының жылдан жылға артуы қызметкерлерге осындай қолдау көрсетудің ықпалы деп қарасақ та болар.
«Егіннің жайын еккен білер, арбаның жайын жеккен білер» дейді. Кәсіптің қазанында біте қайнасып жүрмеген соң сырт көзге көрінетіні топырақ бетіне шыққан өскініндей ғана. Ал сол өскіннің тамыры қаншалықты тереңге кеткенін кәсіпорынның бүгінгі ауқымынан аңғаруға болады. Қазір зауыт мыңнан астам серіктеспен байланыс орнатып, өндірілген өнімнің 60 пайызын экспортқа жөнелтеді. Оның өнімін тұтынатын кәсіпорындардың қатарында көпшілікке жақсы таныс «Рахат», «GALANZ BOTTLERS», «Ақсай нан», «Alinex», «KAZAKHSTAN KAGAZY» секілді ірі өндіріс орындары да бар. Жүгерінің кәмпит пен тәтті сусынға қандай қатысы бар деп ойлайтын шығарсыздар? Сөйтсек, олардың арасындағы байланыс біз ойлағаннан әлдеқайда жақын екен. Жүгеріден алынған крахмал әрі қарай өңделіп, сірне мен глюкоза-фруктоза шәрбатына айналады. Ал бұл өнімдер кондитерлік тағамдар мен тәтті сусындар өндірісінде кеңінен қолданылады. Сондықтан дүкен сөресінен алған кәмпиттің, нан-тоқаштың немесе басқа дайын өнімнің құрамындағы шикізаттың бір бөлігі осы Жаркент даласында өскен жүгеріден бастау алуы әбден мүмкін.
Өндіріс көлемімен қатар, жұмысшының еңбек жағдайына да көңіл бөлінеді.
«Мұнда қызметкерлер арнайы жұмыс және аяқ киіммен тегін қамтамасыз етіледі. Айт мерекесі қарсаңында ұжым мүшелеріне азық-түлік себеттері таратылып, әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Ал операторларды кәсіпорынның өзі даярлап, қажетті кәсіби дағдыларға үйретеді, – дейді оператор Мейрамбек Заманбеков.
Ал зауыттан шыққан өнімнің діттеген жеріне бүлінбей жетуі үшін қандай қам жасалатынын білесіз бе? Жүк көлігі мен вагонға тиелген тауардың қауіпсіздігі де өз алдына бір технология. Кәсіпорында бізге жүк тасымалы кезінде қолданылатын арнайы пневмоқаптар таныстырылды. Сырттай қарағанда кәдімгі қапқа ұқсайтын бұл бұйымның қызметі мүлде бөлек. Арнайы клапан арқылы ауа толтырылған соң, ол контейнер мен вагон ішіндегі жүктердің арасына орналастырылады. Осылайша жол үстінде қораптардың орын ауыстырып, бір-біріне соғылуына және тауардың бүлінуіне жол бермейді. Демек, өнімді өндіру бір бөлек, оны тұтынушыға аман-есен жеткізудің де өз машақаты бар.
Әрине, зауыт аумағына кірген жүгері бірден дайын өнімге айналып шыға келмейді. Оның алдында бірнеше өндірістік кезең бар. Алдымен жеткізілген шикізаттың сапасы тексеріліп, ылғалдылығы анықталады. Бұдан кейін жүгері тазартылып, өңдеу желісіне жіберіледі. Зауытты аралап жүріп байқағанымыз өндірістегі негізгі процестер автоматтандырылған, мамандар технологиялық көрсеткіштерді компьютер арқылы бақылап отырады. Ең негізгісінің бірі – крахмал. Бірақ жүгерінің мүмкіндігі мұнымен шектелмейді. Одан сірне, жоғарыда аталған глюкоза-фруктоза шәрбаты, мальтоза өнімдері, глютен, жүгері майы, ұрық, кебек пен мал азығына арналған өнімдер өндіріледі. Жалпы, жүгеріні терең өңдеу арқылы 28 түрлі өнім шығарады.
Зауыт үшін жүгері қажет болса, диқан үшін өсірген өнімін өткізетін тұрақты нарық керек. Осы жерде өндіріс пен ауыл шаруашылығының мүддесі түйіседі. Бахадур Қасымовтың айтуынша зауыт бүгінде 130 мың тоннадан астам жүгеріні сатып алып, өңдейді.
Зауыттан шыққанда жүгеріге алғаш кіргендегідей қарай алмайтынымыз анық еді. Далада сап түзеп тұрған ұзын сабақтардың артында осыншама өндірістік мүмкіндік барын сырт көз аңғара бермейді. Жүгеріні өсіру бір еңбек болса, оның әр дәнін кәдеге жаратып, ондаған түрлі өнім шығару – басқа бір үлкен еңбектің нәтижесі. Бір жағында жерге дән тастаған диқан тұрса, екінші басында сол дәнді дайын өнімге айналдырған өндіріс мамандары бар. Екеуінің арасын жалғап тұрғаны – еңбек пен технология.
Жетісудың сары алқабында басталған жол осылайша Жаркенттегі өндіріс желісінен өтіп, алыс нарықтарға дейін жалғасады. Бір уыс жүгерінің тарихына үңілгенде, оның ішінде тұтас бір өңірдің еңбегі жатқанын түсінесің. Дән кішкентай болғанымен, оның айналасындағы тіршілік әлдеқайда үлкен.
Айша СЕРІКҚЫЗЫ








