Жегені жантақ, арқалағаны алтын журналистің маңдай тері қашанда елдің көз алдында. Қалам ұстаған қауымның тірлігі сырт көзге жеңіл көрінгенімен әр мақаланың ар жағында ізденіс, әр деректің астарында түн ұйқысын төрт бөлген тынымсыз еңбек жатыр. Әсіресе аймақ тынысын тап басып, елдің мұң-мұқтажын, жетістігі мен жаңалығын жұртшылыққа жеткізетін өңір журналистерінің жүгі атан түйеге ауыр болады.
Жетісудың ақпарат айдынында қаламын қару етіп, сөзіне салмақ, жазуына жауапкершілік жүктеп жүрген журналистердің еңбегі тағы бір мәрте еленді. «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырған облыстық «Шаңырақ» этножурналистика байқауында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бас қосып, үздік материалдар мен тың ізденістер таразыға түсті.
Мәртебелі додада облыстық «Jetіsý» газетінің қаламгері де жүлдеден құр алақан қайтпады. «Үздік басылымдағы мақала» аталымында жауапты қызметкеріміз Еңлік Кенебай топ жарып, І орынға ие болды. Осы аталымның ІІ жүлдесі «Вестник Жетісу» газетінің қызметкері Наталья Денисоваға бұйырса, ІІІ орынды Зейнап Сейидова еншіледі. Ал байқаудың ең биік тұғыры саналатын Гран-при жүлдесі этно-мәдениетімізді Кореяда насихаттап жүрген қараталдық Яна Цойға табысталды.
Телевизия журналистері арасындағы бәсеке де тартысты өрбіді. «Үздік телевизиялық материал» аталымында жаңалықтар бөлімінің орыс тіліндегі редакторы Карина Закриева ІІІ орынға лайық деп танылды. Қазақ тіліндегі жаңалықтар бөлімінің редакторы Жұлдызай Маратқызы ІІ орыннан көрінсе, «Жетісу» радиосының редакторы Сымбат Саттарқызы І орынға ие болды.
Бейнетілдің беделін арттырғандар қатарында да жерлестеріміз қапы қалған жоқ. «Үздік бейнеролик» аталымында Маржан Бағланқызы ІІ орынды, Мирас Сейтқали ІІІ орынды иеленсе, Меруерт Абдуғапар жеңімпаз атанды.
Қаламгердің қарымы бір күндік бәйгемен өлшенбейді. Дегенмен елдің сөзін сөйлеп, жұрттың жүгін арқалаған журналистің еңбегінің еленуі – шығармашылыққа серпін берер сүйеу. «Шаңырақ» байқауындағы бұл жеңістер Жетісу журналистикасының ізденісі мен кәсіби өресін танытып, қара шаңырақ басылымның да абыройын асқақтатты.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ




