Облыстық білім басқармасы «WorldSkills – Талдықорған 2018» аймақтық кәсіби шеберлік чемпионатын өткізді. Оған барлығы 27 команда қатысты. Чемпионатты өткізудің мақсаты – өнеркәсіп орындарын білікті маманмен қамтамасыз етудің жаңа жүйесін қалыптастыру. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев болашақта еліміздің іргесін нығайтатын, экономиканы өркендететін жұмысшылар болатындығын айтқан еді. Бұл – техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарына барлық мүмкіндіктің жасалатындығының дәлелі.
Ендеше, облыстық білім басқармасының кәсіби шеберлік жарысын өткізуі құптарлық шара. Жастардың чемпионатын тамашалап, қолдау көрсетуге облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар арнайы келіп, қатысты. – Бүгінгі таңда жұмысшы мамандығына ерекше көңіл бөлінуде. Барлық қолдау көрсетілуде. Мақсатымыз – мамандық алушыларға халықаралық стандарттар негізінде білім беру, осы ойымызды жүзеге асыру үшін тұрақты сараптамалық қауымдастық құру. Білімді жақсарту мақсатында оқу, тәжірибе сабағын өткізетін орындар қайта жасақталуда. Жатақханалар салу, корпустарды жаңалау қолға алынуда. Сендердің міндеттерің тек білім алу. Заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс істеуді үйрену. Бәсекелестік заманында білікті маманға деген сұраныс артады. Сондықтан жас кезде оқып, өзіңе ұнайтын кәсіпті игеріп алған жөн. Бүгінгі чемпионатқа қатысушылардың барлығына ақ жол! Кәсіби шеберлікті арттыратын жарыстың сәтті өтуіне тілектестік білдіреміз, – деді ол.
Барлығы 82 қатысушының шеберлігін бағалауға “KHAMA PARK”, “Айсер” мейрамханалары, “Метакон”, “Раушангүл”, “Шагиева” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, “ТАТЭК” оқу орталығы және «Әскери-техникалық мектептің білгір мамандары әділқазылық етті. Чемпионат Талдықорған сервис және технология, Талдықорған өнеркәсіптік индустрия және жаңа технологиялар, Талдықорған политехникалық, Көксу ауылшаруашылығы колледждерінде кәсіби шеберліктері бойынша бақ сынасты.
«WorldSkills – Taldykorgan» аймақтық чемпионатының жеңімпаздарын қаржылай сыйлық және дипломмен марапаттады.
«WorldSkills – Taldykorgan» аймақтық чемпионаты сарапшыларының байқау қорытындысы негізінде дәнекерлеу технологиялары, аспаз ісі, киім үлгісін модельдеу мен дизайны, жеңіл автокөліктерді жөндеуші, электромонтаж жұмысы мамандықтарының жеңімпаздары және дизельді қозғалтқыштарға қызмет көрсету, астық сапасын айқындау, шаштараз өнері, графикалық дизайн, веб-дизайн, кондитер, ресепшн, құрғақ құрылыс және сылақшылық жұмыстар, желілік және жүйелік әкімшілік ету, ауылшаруашылығы машиналарының слесарі мамандықтары бойынша 36 үміткер «WorldSkills – Kazakhstan» чемпионатының аймақаралық кезеңіне жолдама алды. Жүлдегерлеріміз жалпы командалық құрамда облыстың намысын қорғамақ.
Гүлжан ТҰРСЫН.





