Талдықорған — Өскемен трассасын қайта жаңарту жұмыстарының қашан аяқталатыны белгілі болды.
Республикалық маңызы бар жолды жөндеу жұмыстары осыдан 5 жыл бұрын басталған. ҚР Көлік министрлігінің мәліметінше, Жетісу облысының аумағы бойынша автожол учаскесінде реконструкциялау бойынша негізгі жұмыстар аяқталған, ұзындығы 314 шақырымды құрайды. Қайта құрудан кейін 32 шақырым бірінші техникалық санатқа, ал 282 шақырым екінші санатқа ауыстырылды.
Мұнда екі жолақтың ені 9 метрге дейін ұлғайтылды. Трасса бойында 27 көпір салынып, 350-ден аса су өткізгіш құбыр мен 1500-ден аса жарықтандыру тіректері орнатылды. Жарықтандыру жұмыстары бүгінде жалғасып жатыр. Сондай — ақ, жол бойында мыңдаған метр қоршау мен тосқауыл қоршаулары орнатылып, 2 мың жол белгісі қойылуда.
Сондай-ақ, бұл учаскеде бұрын жол жүру уақыты 6 сағатқа, ал қазір 3 сағатқа дейін қысқарғаны аталып өтті. Трассаны биылғы жыл соңына дейін пайдалануға беруге уәде етілді.
А. Ыбырай
Фото: «ҚазАвтоЖол»





