Биылғы жылдың 6 айында Жетісу облысының еңбек инспекциясы түскен өтініштердің негізінде 56 тексеру жүргізіп, 61 заң бұзушылықты анықтаған. Жазылған арыз-шағымның көбі еңбек заңнамасының сақталмауына қатысты. Бұл жөнінде аталған департаменттің бөлім басшысы, мемлекеттік еңбек инспекторы Еркін Дәулетұлы жуналистерге берген сұхбатында баяндады.
Жетісу облысының еңбек инспекциясы департаменті өңірдегі 14 кәсіпорынның 266 жұмыскерге 120,6 млн. теңге жалақы бойынша берешегі барын анықтаған. Сондай-ақ олардың толық төленуіне ықпал еткен. Заң бұзушылық анықталған кәсіпорындардың басшыларына 34 міндетті нұсқама беріліп, айыппұл салыныпты.
– Тұрғындар көбіне еңбек құқықтары, жұмыс берушілермен туындаған даулар және өндірістегі қауіпсіздік ережелері жөнінде білгісі келеді. Департаментке 6 айдың ішінде өңір тұрғындарынан 336 өтініш келіп түсті. Арыз иелері өтінішті біздің ғимаратқа келіп жазуға да немесе е өтініш порталы арқылы жолдауға да болады. Біз оны тіркейміз. тіркегеннен кейін еңбек заңнамасының талаптарына сай келе ме, келмей ме қарастырамыз. Егер толыққанды сай болса жұмыскерлердің аты болса, жұмыс берушінің аты болса жалақы берешегінің соммасы, өзгеде еңбек қатынасын дәлелдейтін құжаттары болса онда тексеріс ашамыз, – дейді Жетісу облысының еңбек инспекциясы департаментінің бөлім басшысы, мемлекеттік еңбек инспекторы Еркін Дәулетұлы.
Сала маманы өңірде жалақыны кешіктіру, еңбек шартынсыз жұмысқа қабылдау, өндірістік жарақаттар сынды мәселелер де кездесетінін айтады. Мәселен жыл басынан бері 12 жазатайым оқиға тіркеліп, 13 жұмысшы зардап шеккен.
Медет ЖҰМАБАЙ





