Облыстағы тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде. Соңғы 3 жыл ішінде 5735 отбасы қоныстойын тойлады. Бұл үйлер өңірлік бағдарламалар аясында демеушілердің көмегімен, сондай-ақ, кредиттік, жалгерлік жүйе арқылы және апатты үйлерде тұратын тұрғындарды көшіру арқылы берілді.
Биыл да жұмыстар жалғасып, жыл соңына дейін 2026 азаматты тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған. Оның ішінде кредиттік тұрғын үйлер, сатып алу құқығымен жалға берілетін пәтерлер, әлеуметтік әлсіз топтарға арналған жалдамалы үйлер, апатты үйлер тұрғындарына арналған пәтерлер және «Жерұйық», «Жетісу жастары», «Маман» бағдарламалары арқылы баспана беріледі. Сонымен қатар, демеушілер есебінен де тұрғын үйлер қарастырылған. Жыл басынан бері 1 022 отбасы баспаналы болды.
Тұрғын үй саясатын реформалау аясында Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына енгізілген өзгерістер 2025 жылдың 25 мамырынан бастап күшіне енді. Осыған сәйкес коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжайды беру туралы шешімді енді ұлттық даму институты мәртебесіне ие «Отбасы» банк қабылдайды. Сол себепті аудан, қала әкімдіктерімен тұрғын үй кезегіне қою және коммуналдық қордан баспана беру тоқтатылған. Электронды тізім ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне тапсырылды. Жетісу облысы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрғандардың саны 30934 адамды құрады. Енді аудан, қала әкімдіктері «Отбасы» банкінің шешіміне сәйкес азаматтармен тұрғынжайды жалдау шартын жасай алады.
Тұрғын үй мәселесін түбегейлі шешу мақсатында аймақта бірнеше бағдарламалар іске асуда. «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында Талдықорған, Жаркент және Текелі қалаларында жаңа үйлер пайдалануға берілді. «Жетісу жастары» бағдарламасы бойынша соңғы екі жылда 83 жас отбасы қоныстойын тойлады. Ал ауыл мамандарын қолдау үшін 2024 жылы «Жерұйық» бағдарламасына 1 млрд. теңге бөлініп, ондаған отбасы баспаналы болды.
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғандықтан өңірде жаңа «Маман» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 1 млрд. теңге қарастырылып, 66 отбасын тұрғын үймен қамту жоспарланған.
Бағдарламаға қатысу үшін өтініш берушінің жасы 63-тен аспауы тиіс. Соңғы бес жылда оның және отбасы мүшелерінің атында жылжымайтын мүлік болмауы қажет. Сонымен қатар, үміткер облыс аумағында кемінде 3 жыл тұрақты тіркеуде тұруы және соңғы он екі айда белгілі бір салада еңбек қызметін атқаруы шарт.
Бағдарламаға журналистика және бұқаралық ақпарат құралдары саласының өкілдері, денсаулық сақтау саласындағы дәрігерлер мен медбикелер, білім беру мекемелерінің педагогтары мен тәрбиешілері, мәдениет және өнер қызметкерлері, спорт саласында еңбек ететін жаттықтырушылар мен спортшылар, энергетика саласының мамандары, сондай-ақ, «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы мен туризм саласының қызметкерлері, саяси партия филиалдары аппаратында жұмыс істейтіндер қатыса алады. Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана өтініш бере алады.
Үміткерлерді іріктеу баллдық жүйе арқылы жүзеге асады. Мәселен, 35 жасқа дейінгі талапкерлерге бес балл беріледі. Бекітілген саладағы алғашқы еңбек жылы бес балмен есептелсе, әр келесі жыл бір балдан қосылады. Отбасылық жағдайына байланысты тіркелген некеге 5 балл, некеде өткізген әр жылына қосымша 2 балл, бірақ жиынтығы 15 балдан аспайды. 18 жасқа дейінгі балалардың әрқайсысына 1 немесе 2 балдан есептеледі.
Облыстағы жергілікті атқарушы органдардың үй кезегінде тұрғандарға он балл, ал жетімдер мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандарға қосымша 5 балл беріледі. «Отбасы» банкінде 500 мың теңгеден артық қаражаты бар қатысушыларға 2 балл қосылады. Өңірде тіркеуде тұрған әр жылына 1 балл есептеліп, барлығы 5 балдан аспайды.
Қатысушылардан бірқатар құжат талап етіледі. Олардың қатарында жергілікті атқарушы органнан берілген жолдама, қатысушы мен жұбайының жеке куәліктері, неке қию немесе бұзу туралы куәлік, балалардың туу туралы куәліктері, соңғы алты немесе он екі айдағы жалақы жөніндегі анықтама, сондай-ақ EGOV порталынан алынған зейнетақы жарналары туралы үзінді мен жылжымайтын мүлік бар-жоғы туралы анықтама бар. Жеке кәсіпкерлер соңғы 12 айдағы банк шотының үзіндісін PDF форматында ұсынуы тиіс.
Осылайша, облыста тұрғын үй бағдарламалары жүйелі түрде іске асырылып, азаматтардың баспаналы болуына мүмкіндіктер беріледі.
Қажет АНДАС





