Туған күнге көрімдік
Әлі есімде томпаңдап жүгіргенің,
Еркеледің ерекше күлімдедің.
Еркін өсіп, ержетіп келе жаттың,
Қиын-қыстау кезде де сүрінбедің.
Сәбиіңнен саналы зерек болдың,
Басқалардан биіктеу бөлек болдың.
Әр оқуды бітірдің жоғарылап,
Жалақыңды жасырын төлеп қойдым.
Сен дегенде атаңның аяры жоқ,
Салдарынан қарттықтың алаңым көп.
Туған күнің құлыным нұрлы болсын!
Сонда ғана көңілім болады тоқ.
Жазыпсың ғой атаңа өлең арнап,
Қорқынышпен өмірді жүрсің барлап.
Жасым келді сексеннің бесеуіне,
Сарқылғанда дәм-тұзым Құдай алмақ.
Сондықтан да Айнарым алаң болма,
Жазарым бар, әзірге қалам қолда.
Келе қалса кенеттен ажал шіркін,
Ренжіме жазмышқа, шараң бар ма?
Өлеңіме ендеше оралайын,
Тоқетерін сөзімнің баяндайын.
Салиқалы сабырмен күте тұрғын,
Туған күнге көрімдік даярлайын.
Лаулатуға құйғандай отқа майды,
Келмейді ғой адамға босқа қайғы.
Тіршілікте сүйінер ләззатымсың,
Өзің барда жүрегім тоқтамайды.
Алаңдау мен аңсау
85 келем деген жасым ба еді?
Құрбылар бұрындары қасымда еді.
Пенделер ала көңіл жақтырмаса,
Тәңірім алаңдатпай алсын мені.
Ешкімнің ала жібін аттамадым,
Өлеңім – куәгерім шот-қағарым.
Кездесті тіршілікте кеселділер,
Сонда да мен оларды даттамадым.
Өзімнен өзгелерді биік көрдім,
Бірі деп бағаладым сүйікті ердің.
Жоқ еді ешбір жанға қызғанышым,
Сатысы осы болар биіктеудің.
Қытайдың Құлжа дейтін қаласында,
Оқыдым үш-төрт жылдай нанасың ба?
Сұрқия саясаттың салдарынан,
Алмады бөтенсініп панасына.
Себебі – Қазақстан елім еді,
Біздерге еркіндікті беріп еді.
Бір кезде қысым көріп шекара асқан,
Орнықты қандастарға сеніп еді.
Шайқалып өтіп жатты заманалар,
Босқын жұрт жер іздеді пана болар.
Шашылды қазақ жұрты жер шарына,
Жөнім жоқ көшкен елден дараланар.
Жоғалтпай бойға сақтап сабырымды,
Басымнан өткерсем де ауыр күнді.
Әзірге үміт жібі үзілген жоқ,
Аңсаумен күтіп келем тәуір күнді.
85 келем деген жасым ба еді?
Құрбылар бұрындары қасымда еді.
Пенделер ала көңіл жақтырмаса,
Тәңірім алаңдатпай алсын мені.
ҒҰМЫРНАМА
Ғасырға жуық өмірім,
Сапырылып өтіпті.
Жақсысы бар жаманы,
Келмеске бәрі кетіпті.
Бала күннен тегінде,
Емес едім жылауық.
Көтеріңкі көңілмен,
Өлең жаздым бір ауық.
Замананың зардабын,
Сезініп өстім жасымнан.
Құлжада оқып шетелдік,
Қиындық өтті басымнан.
Жиырма бір жасымда,
Елге оралар сәт туды.
Қазақстан делінген,
Отаным еді Көк Тулы.
Бөтен елден келе сап,
Кірігіп кету оңай ма?
Иір-қиыр жол болды,
Соқпайтұғын оңайға.
Орталығы колхоздың,
Көшкентал еді тұрағым.
Әр жұмысқа қатысып,
Өзімді өзім сынадым.
Жүн сорттадым қой қырқып,
Босаңдығым сезілді.
Аға шопан, жылқышы,
Оңайлау боп көрінді.
Ол кездегі ауылдың,
Осылай ғой тірлігі.
Жасым толып кетіпті,
Әскерге кеттім бір күні.
Қайда жүрсем бәрібір,
Ақындығым қалмады.
Шабыт беріп жаныма,
Өмірімді жалғады.
Оқу оқып кәсіби,
Жолға шықты журналист.
Сиялы қалам ұшында,
Бейнеленді болған іс.
Ғасырға жуық өмірде,
Талай жерді шарладым.
Тәубе етемін, әрине,
Жүзеге асты арманым.
Кенжехан РАҚЫШ
Қазақстанның Құрметті журналисі





