Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөз сөйлеп, банк секторын дамытуға бағытталған түбегейлі шараларды жариялады. Президент жыл соңына дейін банктер туралы жаңа заң қабылдауды тапсырды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Тоқаевтың айтуынша, жаңа құжат банк нарығындағы бәсекелестікті күшейтіп, қаржы секторына жаңа ойыншыларды тартуға мүмкіндік беруі тиіс. Бұл бастама экономиканы әртараптандыру мен инвестициялық белсенділікті арттыруға жол ашады.
«Жаңа инвестициялық кезеңді табысты бастау маңызды. Екінші деңгейлі банктер экономикаға инвестиция салуға белсенді кірісуі керек. Қазақстан банктерінің активтері мен қаржы мүмкіндігі дамыған мемлекеттермен салыстырғанда әлдеқайда көп пайда әкелуге қабілетті. Дегенмен олар экономикаға несие беруден гөрі тәуекелі төмен бағыттарға қаржы құюды жөн көреді. Бұл мәселені қоғам талқылап келеді, енді оны созуға болмайды», – деді Президент.
Мемлекет басшысы Ұлттық банк пен Үкіметке банктердің қаражатын нақты секторға тартудың тиімді тәсілдерін әзірлеуді жүктеді. Оның айтуынша, технологиялық өзгерістер мен экономиканың заманауи талаптарын ескеретін жаңа заң жобасы қаржы институттарының жұмысын жетілдіріп, нарыққа жаңа қатысушылардың келуін жеңілдетуі тиіс.
Президент депутаттарға бұл заңды биылғы жылдың соңына дейін қабылдау қажеттігін ерекше атап өтті.
Сарапшылардың пікірінше, жаңа заң қаржы жүйесінің ашықтығын арттырып, инвестициялық климатты жақсартуға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде бизнеске қолжетімді қаржы көздерінің артуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және экономиканың тұрақты дамуына жол ашады.





