Еліміздің энергетика саласы өңірдегі ең тұрақты әрі қарқынды дамып келе жатқан бағыттардың біріне айналды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Энергетика министрлігінің мәліметтеріне сілтеме жасап.
Соңғы жиырма жылда жүргізілген жүйелі реформалар электр энергиясын өндіру көлемін екі еседен астам арттыруға септігін тигізді. Егер 2000-жылдардың басында бұл көрсеткіш 51 млрд киловатт-сағат болса, 2025 жылдың қорытындысы бойынша 122 млрд киловатт-сағатқа жетеді.
Бүгінгі таңда республика аумағында 237 электр стансасы үздіксіз жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 158 нысан жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) пайдаланады. Энергожүйенің жалпы орнатылған қуаты 25,4 ГВт-тан асып жығылды.
2023 жылы қайта жаңғырған «Тарифті инвестицияға айырбастау» жобасы салаға тың серпін берді. Осы бағдарлама аясында:
-
Технологиялық бұзушылықтар саны 27%-ға қысқарды;
-
Температуралық режимнің сақталмау жағдайлары 3,3 есе азайды;
-
Жылу электр орталықтарының (ЖЭО) орташа тозу деңгейі 64%-дан 61%-ға дейін төмендеді.
2025 жылға арналған жөндеу науқанына мемлекет тарапынан шамамен 400 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражат тоғыз ЖЭО-ны «қызыл» қауіпті аймақтан шығаруға мүмкіндік бермек.
Мемлекеттің стратегиялық жоспарына сәйкес, 2035 жылға дейін елде 26,3 ГВт жаңа қуат енгізілмек. Бұл энергожүйенің әлеуетін екі есеге арттырады.
Алда тұрған ірі жобалар:
-
Қызылорда мен Түркістан облыстарында жаңа бу-газ қондырғыларының құрылысы;
-
Алматыдағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 нысандарын табиғи газға көшіру;
-
Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында «таза көмір» технологиясымен жаңа стансалар салу;
-
Жамбыл облысында қуаты 1 ГВт болатын ірі жел электр стансасын іске қосу.
Ұлттық жоба аясында 2029 жылға қарай электр желілерінің тозуын 74%-дан 45%-ға дейін төмендету көзделген. Бұл шаралар Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігі мен экономикалық тұрақтылығының кепілі болмақ.





