Алакөл көлінің жағалауында бір жолғы сыйымдылығы 16,2 мың төсек-орын болатын 302 туризм нысаны орналасқан. Осы жылы жеке инвестициялар есебінен 1,4 миллиард теңге сомасына тағы 8 нысанды іске қосу жоспарланып отыр. Өткен жылы Алакөлге шамамен 1,6 миллион адам келсе, биыл 2 миллион турист келеді деп жоспарлануда.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының деректері бойынша, Алакөл көлі бағытына жазғы маусымда аптасына 28 рет Астана, Алматы, Талдықорған қалаларынан 3 авиарейс барған. Оның ішінде «Алматы-Үшарал» және «Талдықорған-Үшарал» рейстері субсидияланады. 1 коммерциялық «Астана-Үшарал» рейсі бар. Оған қоса Алматы, Астана қалаларынан, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарынан 12 теміржол рейсі, оның ішінде «Астана-Достық» бағытында «Тальго» пойызы жүреді. Жазғы уақытта «Алматы қаласы – Ақши ауылы – Көктұма ауылы», «Талдықорған қаласы – Ақши ауылы – Көктұма ауылы» бағыттары бойынша 50 орындық автобус маршруттары тұрақты түрде қызмет көрсетеді.
«Алакөл көлінде оқыс жағдайлардың алдын алып, жедел ден қою үшін ТЖД құтқару бөлімшесі сүңгуір жабдықтарының 21 жиынтығын, жаңа қозғалтқыштармен жабдықталған 7 моторлы қайық, 2 резеңке қайық, 2 УАЗ, Нива, КАМАЗ және әмбебап «ТРЭКОЛ» автомашиналарын дайындады. Ақши мен Көктұма ауылдарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін уақытша өрт сөндіру бекеттері ұйымдастырылды. Осы елді мекендерге жазғы маусым кезеңінде тәулік бойы кезекшілік ету үшін жедел жәрдем дәрігерлерінің 2 бригадасы жіберілді. Көліктік бақылау инспекциясы жүзу құралдарын бақылауды жүзеге асыру үшін қайық сатып алып, енді биыл судағы қозғалыс қауіпсіздігін 2 инспектор бақылайды. Жағалаудың тазалығын қамтамасыз ету үшін 120 қоқыс контейнері мен бактар, 24 санитарлық-гигиеналық торап және 10 биотуалет орнатылды.
Жетісу облысы әкімінің
баспасөз қызметі