«Газет – өзі бір күндік, сөзі мың күндік!» Сондықтан қатенің кетпеуі, ойдың нақты жеткізілуі, мақаланың мазмұны қатаң қадағаланады. Бұл – ұжымдық еңбектің жемісі. Корректордан бас редакторға дейін бір мақсатқа жұмылады. Интернет пен әлеуметтік желілер де бүгінде ақпарат кеңістігінің бір бөлшегіне айналғаны рас. Алайда, баспасөздің ұлт санасын тәрбиелеп, рухани тұтастықты сақтаудағы рөлін әлеуметтік желі алмастыра алмайды.
Мерзімді басылымдардың бүгінде басынан бағы тайғандай көрінетіні рас. Цифрлы дәуір ақпаратты жылдам таратуды үйретті, бірақ, мазмұнның тереңдігі мен сөздің салмағын жоғалтты. Баспасөзде мақала асықпай, ойланып, нақты дерек пен дәлелге сүйеніп жазылады. Онда ақпарат қана емес, ой, ұстаным, тәрбие бар. Газетте жарияланған әр мақала – елдің шежіресі.
Қымбатшылық қыспағына түскен қазіргі қоғамда көпшілік баспасөзге жазылуды кейінге ысырып қойғаны жасырын емес. Бірақ газетке жазылу – тек ақпарат алу емес, ол – ұлттың тағдырына, тілдің тазалығына, елдің бірлігіне үлес қосу деген сөз. Қазақ баспасөзі «Дала уәлаяты», «Айқап», «Қазақ» газеттерінен бастау алып, елдің еңсесін көтеруге, халықтың ойын оятуға қызмет етті. Ол дәстүрді біздің «Jetіsý» газеті де сақтап келеді. Баспасөздің тәрбиелік маңызы ерекше. Ұлттың ой-санасын қалыптастырады, жастарға бағыт береді. Бүгінгі газет беттерінен елдің тарихы, әдебиеті, өнері, ғылымы, тұрмыс-тіршілігі, тіпті ауылдың тынысы да қалыс қалмайды. Кейде бір мақаланың өзі адамның дұрыс жолды таңдауына бағыт көрсететіні шындық. Әр дәуірдің баспасөзі – сол уақыттың айнасы. Газет-журнал қоғамдағы әділдік пен шындықтың, рухани тәрбие мен мәдениеттің жаршысы.
Қазіргі заманда әлеуметтік желілер өміріміздің бөлінбес бөлшегі. Олар да қоғамға әсер етіп отыр. Бірақ ондағы жарияланған дүниелердің ақиқаты мен жалғанын ажырата алмайтын болдық. Газеттің артықшылығы – сенім мен жауапкершілігінде. Баспасөз, сондай-ақ, халық пен билік арасындағы алтын көпір. Газет журналистері ел арасына жиі шығып, көптің көкейіндегісін басылым арқылы әкімқараларға жеткізіп отырады.
Газеттерде ұрпаққа өнеге болатын ерлік, еңбек, адалдық, мейірім, әділет сынды қасиеттер жайлы мақалалар үзбей жарияланады. Баспасөз беттерінде халықтың тағдыры мен тіл тағдыры қатар өріледі. Газет-журнал оқыған ұрпақ ешқашан жалған ақпаратқа ермейді, себебі оның талғамы мен танымы жоғары болады.
Баспасөз бар жерде әділдік, ақиқат, рух бар. Газетті қадірлеу – өзімізді қадірлеу. Оған жазылу – ұлт тағдырына үнқосу.
Гүлжан ТҰРСЫН





